ЖИЫРМА БІРІНШІ СӨЗ
Мирас Әбіл
Кеше ғана таңырқатқан нәрсе бүгін ескіреді. Бүгінгі өмірдің өзі кейде Шекспирдің қасіретінен де асып түсетіндей көрінеді. Сонда театр нені айтпақ? Кімге айтпақ? Қай тілмен айтпақ?
Театрдың міндеті - өмірден озу емес, өмірге жарық түсіру. Өйткені өмірдің өзі оқиға болса, театр сол оқиғаның мағынасын іздейді. Көз көргеннің бәрін сахнаға шығару өнер емес. Өнер - көргеннен көрінбегенді, болғаннан болуға тиістіні аңғарту.Ыстық темірді қолмен ұстаған жан күйетіндей, уақыттың ең қызған шағында айтылған сөз де кейде ақиқаттан алыстап кетеді. Себебі адамның көңілі алай-дүлей кезде таразысы тең тұрмайды. Ашумен айтқан сөздің ғұмыры қысқа, ал сабырмен туған ойдың ғұмыры ұзақ.Сондықтан өнердің асығыстығы жараспайды. Өнердің шындығы - бір күндік айқайда емес, адамшылықтың мәңгілік сұрағында.Театр бүгін кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін үкім ететін орын болмаса керек. Театр адамның жанын жоғалтпауға қызмет ететін орын болса керек. Заман өзгерер, билік өзгерер, пікір өзгерер. Бірақ адамның мейірімі, ар-ұяты, әділетке деген аңсары өзгермеуге тиіс.Театр сол жоғалмайтын қасиетті іздесе ғана өнер болып қалады. Әйтпесе, ол бүгінгі жаңалықтың көлеңкесінде қалып, ертеңгі күнге жетпейтін сөзге айналады