Күн-Жария

Каспий теңізіндегі жаңа арал видеоға түсірілді

Солтүстік Каспийде пайда болған жаңа аралдың бейнесі дрон арқылы түсірілді. Ғалымдар оның қалыптасуын теңіз деңгейінің төмендеуімен байланыстырып отыр.

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде пайда болған жаңа арал дронға түсірілді, деп хабарлайды Jarialike.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа құрлық бөлігі Малый Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 30 шақырым жерде орналасқан. Оның пайда болғанын Ресей ғылым академиясының П. Ширшов атындағы Океанология институтының ғалымдары экспедиция барысында растаған.

Ғалымдардың мәліметінше, бұл аумақтағы өзгеріс алғаш рет 2024 жылдың қарашасында спутниктік суреттерден байқалған. Кейін жүргізілген зерттеу нәтижесінде «Средняя Жемчужная» маңындағы құрғаған аумақтың жаңа арал екені анықталған. 

Экспедиция мүшелері аралға жақындағанымен, судың таяздығы мен қолайсыз ауа райына байланысты оған қона алмаған. Алайда квадрокоптер арқылы түсірілген кадрлардан аралдың сұлбасы анық көрінген.

Қазір арал теңіз деңгейінен сәл ғана көтеріліп тұр. Оның беті тегіс, ылғалды және құмды жоталардан тұрады. Мамандар Каспий деңгейі әрі қарай төмендесе, арал аумағының ұлғаюы мүмкін екенін айтады. 

Ғалымдар бұл құбылысты Каспий теңізінің тайыздануының тағы бір белгісі ретінде бағалап отыр. Жаңа аралдың кейін тұрақты географиялық нысанға айналуы мүмкіндігі де қарастырылуда.