Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол-көлік оқиғасынан соң алғаш рет пікір білдірді
Базарбек асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды
Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған, ер адам зардап шеккен жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Jarialike.kz Tengrinews.kz cайтына сілтеме жасап.
Базарбектің айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында ол және жұбайы жария етпеу туралы қолхатқа қол қойған, сондықтан көп нәрсені жазуға мүмкіндігі жоқ.
"Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін", - делінген жазбада.
Сондай-ақ экс-депутат ол үшін қазір ең бастысы - зардап шеккен азаматтың жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету екенін айтты.
"Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін", - деп жазды ол.
Әлеуметтік желілердегі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелерге қатысты Базарбек асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды. Сонымен қатар, экс-депутат "осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаға" алғыс айтты.
Экс-депутаттың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы
16 тамызда Telegram-арналардың бірінде Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы жазба жарияланды. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тасжолында 36 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Көлік тізгінінде Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек болғаны айтылды.
Кейін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен азаматтың жағдайы өте ауыр екенін хабарлады.