Денсаулық

Балаларға стоматологиялық көмек алу үшін ата-аналар таңғы 5-тен кезекке тұрады: Денсаулық сақтау министрлігі шара қабылдады

Қазақстанда балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігіне қатысты мәселе көтерілді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ата-аналардың талон алу үшін таңғы сағат 5-тен кезекке тұруына жол бермеуді тапсырды.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселесін көтерді. Министр Ақмарал Әлназарова өңір әкімдерінің орынбасарлары мен денсаулық сақтау басқармаларына балалардың стоматологиялық көмек алу кезінде ұзақ кезекте тұру мәселесін шешуді тапсырды. 

Министрдің айтуынша, кейбір ата-аналар баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат 5-тен бастап кезекке тұруға мәжбүр.

«Егер ата-ана баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы бесте келіп, кезекке тұруға мәжбүр болса, демек, жүйе жеткілікті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ», – деді Ақмарал Әлназарова. 

Министр балаларға стоматологиялық көмек көрсетуге қажетті инфрақұрылым елде бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, мәселені шешу үшін ең алдымен қолданыстағы медициналық ресурстарды дұрыс ұйымдастыру қажет.

Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балаларға жоспарлы стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі. Оның құрамына тісті немесе жақ сүйегін рентгенологиялық зерттеу, пломба қою, сондай-ақ жансыздандыру арқылы тісті қарапайым және күрделі жұлу қызметтері кіреді. 

Тегін стоматологиялық көмек тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан жекеменшік стоматологиялық клиникаларда да көрсетіледі. Балаларға жоспарлы стоматологиялық көмек алу үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді. 

Сонымен қатар белгілі бір санаттағы балаларға ортодонтиялық көмек те тегін көрсетіледі. Оған туа біткен жақ-бет патологиясы бар балалар, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан, тіс-жақ аномалиялары бар 6–12 жастағы балалар жатады. 

Ақмарал Әлназарова қажетті медициналық көмекті ата-ананың талон ала алмауына немесе бірнеше сағат кезекте тұруына байланысты бала алмай қалмауы тиіс екенін айтты.

Министр өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларына, медициналық ұйымдарға, білім беру саласына және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзара үйлесімді жұмысты күшейтуді тапсырды. Министрлік балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмектің нақты қолжетімділігін барлық өңірде бақылауды жалғастырады.