«Ілияс Жансүгіров қазақ театрының қандай мәселелерін сынады?»
Ілияс Жансүгіровтің «Театр туралы» мақаласы — қазақ театрының қалыптасу кезеңіндегі проблемаларды сырттай бақылаған адамның емес, театрдың ішкі жағдайын жақсы білетін қаламгердің кәсіби сыны.Мақала «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 10 қыркүйектегі санында жарияланған деп көрсетіледі. Жансүгіров сол кезде небәрі 30 жаста еді. Мақалада ол қазақ театрының репертуарын, актерлік құрамын, әйел актрисалардың тапшылығын, сахна жабдықтарын және театрдың даму жоспарын нақты сынайды.
Ілияс Жансүгіров қазақ театрының кемшілігін қалай сынады?
Ақын 1930-жылдардың басындағы қазақ сахнасының репертуарын, актерлік құрамын, әйел актерлердің тапшылығын, театрдың материалдық жағдайын және басқару жүйесін нақты мәселелер арқылы көтерді.
Қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығы 1926 жылғы 13 қаңтарда Қызылордада ашылды. 1928 жылы театр Алматыға көшті. Осы кезеңде Ілияс Жансүгіров те драматургиямен айналысып, қазақ театрының мәселелерін баспасөзде тұрақты көтерген қаламгерлердің қатарында болды.Жансүгіровтің «Театр туралы» мақаласында сол кездегі Қазақстан мемлекет театрының төрт жылдық тарихы сөз болады. Автор театрдың аз уақыт ішінде «жоқтан барға» айналғанын мойындай отырып, оның даму қарқынына алаңдайды.
Жансүгіров театрға қойылатын талапты бірден анық белгілейді:
«Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі».
Ол театрды жай ғана спектакль көрсететін орын емес, қоғамның мәдени өміріне ықпал ететін институт ретінде қарады. Сондықтан театрдың жұмысы кездейсоқ қойылымдармен шектелмеуі керек деп есептеді.Жансүгіровтің пікірінше, театрдың ең үлкен мәселелерінің бірі — нақты жоспарының болмауы.Ол театр жұмысы елдің жалпы даму жоспарымен байланысуы керек деп санайды. Яғни театр бір жылдық немесе маусымдық қойылымдармен ғана өмір сүрмей, ұзақ мерзімді көркемдік мақсат қоюы тиіс.Бұл пікірді бүгінгі театр тіліне аударсақ, мәселе өте таныс: театр не үшін жұмыс істейді, кім үшін репертуар жасайды және бірнеше жылдық көркемдік бағыты қандай?
Жансүгіров репертуарды да сынады
Ақынның ең өткір сынының бірі — пьеса сапасына қатысты.Ол сол кезеңдегі көптеген шығармалардың көркемдік деңгейін төмен бағалайды. Оның пікірінше, кей шығармаларда сан болғанымен, сапа жетіспейді. Тіпті кейбір пьесаларды көркемдік жағынан «көже» деп сипаттайды.Жансүгіров үшін мәселе тек пьесаның жаңа немесе ескі болуында емес.Ол театр сахнасындағы шығарманың көрерменге әсер ету қабілетін басты өлшемдердің бірі ретінде қарастырады. Ескі өмірді суреттеген пьеса да шынайы көркемдік деңгейге жетуі керек, ал жаңа өмір туралы шығарма тек үгітке айналып кетпеуі тиіс деген ой байқалады.Сондықтан оның сыны бүгінгі театр үшін де қызық: тақырыптың өзектілігі мен пьесаның көркемдік сапасы — екі бөлек нәрсе.
Қалыбек, Серке, Елубай туралы не деді?
Мақаланың ең қызық тұстарының бірі — Жансүгіровтің нақты актерлерге тоқталуы.Ол сол кездегі қазақ театрының танымал актерлері Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов және Елубай Өмірзақовты атайды. Олардың табиғи актерлік қабілетін мойындай отырып, белгілі бір типтерге байланып қалғанын сынайды.
Жансүгіровтің байқауынша:
Қалибек көбіне аңқау немесе арамза шал типтерінде;
Серке атқамінер, іші мерез кейіпкерлерде;
Елубай бақсы, молда сияқты образдарда танылған.
Ақын осы актерлердің мүмкіндігі мұнымен шектелмеуі керек деп есептейді.
Әсіресе Қалибек Қуанышбаевқа қатысты пікірі өте қызық. Жансүгіров оның кемпірді де, қызды да, келіншекті де, тіпті ешкіні де ойнай алатын актерлік диапазонына назар аударады. Бірақ осындай актер неге тек белгілі бір күлдіргі типтен аспайды деген сұрақ қояды.
Яғни Жансүгіровтің актерге қоятын талабы анық:
актер өзінің бұрынғы табысына байланып қалмауы керек.
Мақаладағы ең нақты мәселелердің бірі — әйел актерлердің тапшылығы.
Жансүгіров:
«Театрға жан беретін — әйел әртіс»
деп жазады.
Оның ойынша, жақсы ойнайтын, дауысы мен сахналық қабілеті бар әйел актерлерсіз театр толыққанды бола алмайды. Сондықтан әйел актерлерді табу мен тәрбиелеуді театрдың негізгі міндеттерінің бірі ретінде көрсетеді.Бұл жай эстетикалық мәселе емес. Әйел кейіпкерлері бар пьесаларды сахналау үшін кәсіби әйел актерлердің болуы қажет. Демек, Жансүгіров бұл жерде театрдың кадр саясаты туралы айтып отыр.