Саяхат

Қазақстан Орталық Азиядағы қоныс аударуға ең қолайлы ел атанды

Rumavi Global Relocation Index 2026 рейтингінде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шықты. Әлемдік тізімде ел 192 мемлекеттің ішінде 77-орынға тұрақтады.

Қазақстан Rumavi Global Relocation Index 2026 рейтингінде Орталық Азиядағы қоныс аударуға ең қолайлы ел деп танылды. Әлемнің 192 елі мен аумағы қамтылған зерттеуде Қазақстан 77-орынға жайғасып, 62,9 ұпай жинады. Осы көрсеткіш арқылы өңірдегі барлық көршілес мемлекеттерден озып шықты. 

Рейтингті жасаушылар елдерді 24 көрсеткіш бойынша бағалаған. Олардың қатарында өмір сүру құны, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау жүйесі, визалық талаптар, салық саясаты, тұрғын үйдің қолжетімділігі, интернет сапасы және өмір сүруге қолайлылық сияқты факторлар бар. 

Сарапшылар Қазақстанның негізгі артықшылықтары ретінде өмір сүру құнының салыстырмалы түрде төмендігін, тұрғын үй бағасының қолжетімділігін және аймақтағы тұрақты экономикалық жағдайды атаған. Сонымен қатар ағылшын тілінің кең таралмауы мен қыстың қатал болуы елдің рейтингтегі ұпайына әсер еткен факторлардың қатарында көрсетілген. 

Жалпы әлемдік рейтингте Эстония бірінші орынға шықты. Ал алғашқы ондыққа Сингапур, Малайзия, Португалия, Тайвань, Литва, Гонконг, Сент-Китс және Невис, Чехия және Мальта енді. 

Rumavi Global Relocation Index – жыл сайын жарияланатын тәуелсіз халықаралық зерттеу. Онда адамдардың басқа елге көшуі үшін ең қолайлы мемлекеттер өмір сапасы, шығындар және көші-қонға әсер ететін негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланады.