Күн-Жария

Қазақстанда аптап ыстық 42 градусқа дейін күшейеді: бірқатар өңірде найзағай мен бұршақ күтіледі

«Қазгидромет» алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы +42 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде найзағай ойнап, нөсер жаңбыр мен бұршақ жауады.

«Қазгидрометтің» болжамынша, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер, бұршақ және екпінді жел күтіледі. 

Сонымен қатар еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-батысында аптап ыстық сақталады. Қызылорда облысында күндіз ауа температурасы +40…+42 градусқа, Түркістан, Жетісу және Абай облыстарының жекелеген аудандарында +42…+44 градусқа дейін көтеріледі. 

Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Ұлытау облыстарының бірқатар аумағында да +35…+41 градусқа дейін ыстық болады. 

Синоптиктердің мәліметінше, найзағай кезінде желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшеюі мүмкін. Бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. 

Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт далада жүрмеуге, мол су ішуге және ауа райының күрт өзгеруіне байланысты ресми ескертулерді қадағалап отыруға кеңес берді.