Аймақ

Маңғыстауда 61 апатты тұрғын үй бұзылады: қай мекенжайлар реновация бағдарламасына енді?

Маңғыстау облысында тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға 134 көпқабатты үй енгізілсе, оның 61-і апатты деп танылған. Ең көп үй Жаңаөзен қаласында бұзылады.

Маңғыстау облыстық мәслихаты 2026–2030 жылдарға арналған тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын бекітті. Бағдарламаға облыс бойынша 134 көпқабатты тұрғын үй енгізілген. Оның 61-і апатты, ал 73-і тозығы жеткен тұрғын үй санатына жатады.

Облыста бүгінде 1 938 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде апатты деп танылған 61 үйде 1 140 пәтер орналасқан. Бұл үйлердің тұрғындары кезең-кезеңімен жаңа баспанаға көшіріліп, ескі ғимараттар бұзылады.

Апатты үйлердің өңірлер бойынша саны:

Жаңаөзен қаласы – 25 үй;

Бейнеу ауданы – 17 үй;

Қарақия ауданы – 15 үй;

Маңғыстау ауданы – 3 үй;

Мұнайлы ауданы – 1 үй.

Жаңаөзен қаласында бұзылатын үйлердің қатарында «Вокзал» шағынауданындағы №1–9 үйлер, «Шаңырақ» шағынауданындағы Абай, Достық, Оразақов және Мұнайшылар көшелеріндегі тұрғын үйлер, сондай-ақ «Шұғыла» шағынауданындағы №21 және №23Б үйлері бар.

Бейнеу ауданында реновация бағдарламасына Бейнеу ауылы, Боранқұл, Ақжігіт, Есет және Төлеп ауылдарындағы ескі тұрғын үйлер енгізілген. Ал Қарақия ауданында негізінен Мұнайшы ауылындағы «Теміржолшы» шағынауданының үйлері жаңғыртылады.

Сондай-ақ Ақтау қаласында бұрын анықталған 10 апатты үйдің бесеуі бұзылған, қалған 5 үйді бұзу 2027 жылға жоспарланған. Себебі кейбір тұрғындармен өтемақы мен көшіру мәселелері бойынша келіссөздер әлі аяқталмаған.

Реновация бағдарламасы аясында ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынып, инженерлік желілер мен аулалар да жаңартылады. Жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі пайдаланылмақ.