СЕН ЖАЙЛЫ...
«СЕН ЖАЙЛЫ...» – ақын Нұржан Асхатұлының жүрек күнделігіндей әсер қалдыратын лирикалық топтамасы. Жырларда түнгі қала, жағалау, бос көшелер мен үнсіз қалған естеліктер бір-бірімен астасып, ақынның ішкі әлемін бейнелейді. Әр өлең – өткеннің елесі емес, бүгінгі күнмен бірге өмір сүріп жатқан сағыныштың үні.
Айтылмай қалған сөздер мен аяқталмай қалған армандар уақыт өткен сайын сағынышқа, ал сағыныш бір күні өлеңге айналады.
***
Сыбырлап ойлар санама,
Селк ете қалам сен десе,
Сен жоқсың мына қалада,
Махаббат та жоқ ендеше...
Сен жүргендіктен бір ғана,
Алдында жайнап көзімнің,
Көрінді ме екен бұл қала,
Астанасындай сезімнің.
Сен кеткен бойда өксідік,
Жүрегім қалғып, жан мызғып,
Мен болдым мынау көпшілік
арасындағы жалғыздық.
Бұл жердің күні, гүлі өзің,
Бақытындай ең бағалы,
Бір ғана өзің, бір өзің
Босатып кеттің қаланы...
***
Қалғып ұйқтап кете алмай,
Қинаған соң түн мүлдем,
Сол баяғы мекен-жай,
Саған келіп тұрмын мен.
Бұрынғыдан өзгеше,
Көңіл қалған көктемсіз,
Сол жер, сол үй, сол көше,
Мен де солмын, тек сенсіз.
Оралғандай қайтадан,
Елестеп сол шақтарым,
Қараңғылау аркадан,
Шығып келе жатқаның.
Бақыт жайлы келіп ой,
Жарылуға бар едім,
Осы жерде еді ғой,
Менің сезім әлемім.
Сезінбеймін енді олай,
Төселген соң жол мұңды,
Ұмытайын мен қалай,
Жаралаған сол күнді.
Тоқтатпадым, қимадым,
Сығанақтың бойында,
Мен білмейтін беймәлім,
Сыр тербеліп ойыңда,
Көз жанарың мөлдіреп,
Кірпігіңді қаққансың,
Осы жерде соңғы рет,
Кетіп бара жатқансың...
***
Сен жеткіздің адасуға ақылдым,
Сен үйреттің жоқ адамы сүюді.
Әлі күнге сақтап келе жатырмын,
Біз қоштасқан күні киген киімді.
Елең еткен сағынышты жеңуге,
Бұл бір ғажап санамдағы күй сынды.
Жуған жоқпын, жоғалтпайын дедім бе,
Сол күртеге сіңіп қалған исіңді.
Иығыма құлаған сол сәт қандай,
Жазмыш па екен маңдайыңды қоярың?!
Қара жерге алғаш түскен ақ қардай,
Жұғып қалған бетіңдегі бояуың.
Содан бері тиіспей сол киімге,
Содан бері ойға баттым не түрлі.
Содан бері ілініп тұр үйімде,
Жаңа ғана сенен келген секілді.
Бұл да менің біле-білсең, алайда,
Махаббатпен боялған бір тағдырым.
Жоғалтпауға тырысамын қалай да,
Сен туралы дүниенің барлығын.
***
Кездескен күн – белгісіз бір мұң еді...
Қоштасқан күн – сенгісіз шындық еді...
Бірақ біздің баянсыз махаббаттың,
Бізден басқа бағасын кім біледі?!
Біз өткерген күндердің тым әдемі,
Осы қала бірден-бір куәгері.
Көшелерге тіл бітсе, жамырасып,
Ең бірінші сен жайлы сұрар еді.
Болар екен сол кезде түрім қандай?
Тоналармын ішімнен дымым қалмай.
Орайымды сипалап тұрар ма екем,
Оралмайды дегенге тілім бармай?!
Еске аламын жабырқап, күліп кейде,
Біздің тағдыр қайтадан бірікпей ме?!
Жас боп ағып сенің де кеткен болар,
Жанарыңда тұратын тұнық бейне.
Қош бол енді қимасы көңілімнің,
Қош бол енді, жөні жоқ көрінудің,
Қош енді қош, мәңгілік оралмайтын,
Жоғалмайтын сәттері өмірімнің...
***
Көңілімнің хошы құлап,
Ұмыта алмай әлі бәрін,
Сен жоқ жерде отырып ап,
Сен бар кезді сағынамын.
Қанша бақыт, қаншама мұң,
Сен туралы тұр өңімде,
Қанша уақыт, қаншама күн,
Жүресің сен жүрегімде?
Барады өмір өтіп мынау,
Сені ойлаумен күні-түні,
Ұмытып та кетіппін-ау,
Мен өзіңді ұмытуды...
***
Ұмытып бәрін келе жатқанда,
Сап ете қалып сайтан ойларым,
Қиялым кетіп көне бақтарға,
Сен жайлы бүгін қайта ойладым.
Махаббат деген - үміт, ұққаным,
соғыстар екен, ұрыстар екен.
Сен жайлы ойлау - ұмытып бәрін,
тылсым әлемде тыныстау екен.
Өткен күндердің сырына қансам,
Өкініш-арман төгіледі бұл,
Сағыныштарға ұрына қалсам,
Сен жайлы болып көрінеді өмір.

Ол маған мезгілінен кешігіп жолыққан және жүрегімді, жан-дүниемді бір сілкіп алған, бірқалыпты өмірден құтқарып, біржақты ойлардан оятқан жан еді. Мен оны сағынам. Әлі де сағынам…
Сағыныш сәлеміңді мендегі күтіп әлем,
Үмітті және мұңды демімді жұтып әрең,
Мен қайғы отын ішкем шыдамым шытынаумен,
Сен жайлы өкініштен сен келсең құтылар ем…
Бүгінде бұрынғыдай бейтаныс жанға айналдың,
Иесі жүректегі алапат жағдайлардың.
Мен болсам тағдырымның өзгермес заңдылығын,
Жаныма батқан кезде қабылдай алмай қалдым…
Бір кезде бір арудың жүрегімен ойнадым,
Өзіңнен алыстаса болғаны деп ойларым,
Құшақтап, аялап та, көп жүрдік саябақта,
Ол кетті, мен де кеттім. Содан соң сені ойладым.
Құмармын өзіңді ойлап жанымды жаралауға,
Жұп көрсем жалт бұрылып, тырысам қарамауға,
Өзіңді қалған күтіп, жүректе арман бітіп,
Тағы да келіп тұрмын, баяғы жағалауға…