«Бір жылда бір ғасыр кешіп…» – сағыныш пен уақыт туралы сыршыл өлең
Ақын Мирас Әбілдің бұл лирикалық туындысы арақашықтыққа мойымаған махаббаттың, сағыныштың және уақыттың адам жанына салған ізін әсерлі поэтикалық образдар арқылы бейнелейді.Махаббатты сөзбен емес, мезгілдер арқылы сөйлету – поэзиядағы ең күрделі көркемдік тәсілдердің бірі.Өлеңнің өн бойында сағыныштың үнсіз философиясы жатыр.Ақын «Бір жылда бір ғасыр кешіп» деген жол арқылы ғашықтықтағы уақыттың өлшемі күнтізбемен емес, сағынышпен есептелетінін дәл бейнелейді.
Ұл жақта күн бата бастап,
Қыз жақта таң ата бастап.
Ұл жақта жаңбыр себелеп,
Қыз жақта қар жапалақтап…
Қыз мұрынын қолғабы жылытып,
Ұл жанын “ол бары” жылытып.
Қыз өзін қиялмен ұзатып,
Ұл өзін ұмытып.
Қыз жасырып сүйікті арманын,
Ұл жасырмай сүйіп қалғанын.
Бір махаббатқа сеніп екеуі,
Тілеген көктен биік болғанын.
Ұл өміршең өлеңге ойланып,
Қыз өзгеше өлеңге айналып.
Бір жылда бір ғасыр кешіп,
Сөзге сөз, сертке серт байланып.
Сабыр таусылды сағынып,
Сәттер сарқылды сабылып.
Аяз асқынып, қалың қар басып,
Жылдар жоғалып, жолдар жабылып.
Шамды сөндіріп, бірі көз ілді,
Таңды ендіріп бірі көз ілді.
Қар еріді…
Жаңбыр төгілді…
30 тамыз 2022 жыл
МИХ