Кейін қарай жүру
Өтежан Нұрғалиев
Құмға батқан машинаны көрдің бе?!
Қызыл май боп қолдың ұшын бердің бе?!
Я, болмаса тұрып алып селтиіп,
Ыза болған шоферіңнің "нервінде"-
ойнадың ба? Таныстың ба "жартымен?"
Ішкіштердің жасымен де қартымен?
Кері кеткен шоферларды көрдің бе,
Ылғи ғана жүретұғын артымен?
Құмға бату... Айдалада - қызық ән,
Жолдың тату бұйырған дәм-тұзынан.
Менің өзім - жүре алмай қап ілгері,
Кейін қарай жүретінге қызығам...
Мен де кейде кейін қарай жүрсем-ау,
Сағындырса ерлік толы жыл сонау,
"Алға!"-деуге аузы үйренген оқушым,
Осы арада "Керітартпа!" деп ұрысар-ау.
мейлі кейде боркемік боп сүйегім,
кейінгіге бас июді сүйемін.
кешегі өткен жолдарына Жеңістің,
Кері оралып... мен басымды иемін.
Шіркін, жүру мүмкін болса артыңмен,
Кездесер ем көрмей кеткен қартыммен.
Өмір дейтін Үлкен Жолдың бойында
Кездесер ем кездеспейтін әркіммен!!
Бастық қатын - балпылдаған Бақылмен,
Айтысар ем жайлап қана ақылмен...
Сырт-сырт қағып шотын шоқып отырған
Тентек хатшы тақылдаған Тақылмен,
Тәжібаймен... Жақиямен... Шоқатпен...
Жатар едім жағаласып Жапақпен...
Қамшы үйірген Ақеділдің үстінен
Тайлақ құсап кетер едім тапап мен,
Аймолдамен, Жолайменен, Көшерменен,
Сәйтпек дейтін ұр да жықтау есермен...
Балтөремен, бақырауық Батанмен,
Шешпей кеткен мәселені шешер ме ем?
Жетім қалған Сламғали... Изелмен
Кездерсер ме ем кездерінде күйзелген,
Жалғыз рет жасар ма едім жігіттік
Кете бермей күн өткізіп күйбеңмен!
Ойбайғ тоқта! Біздің жол ма мынау да -
Тереземді көміп тұрған қырауға?!
Мынау жол да мен өтетін жол ма екен,
Кірдім барып андап тұрған сұрауға!?
Жетім қалған бұзаудай-ақ телмеңдеп,
Емізбейтін өгіз ене - арман көп.
Өңшең күрең тентек сиыр келеді,
Бұтағы жоқ мүйіздері орман боп!!!
Жетім бұзау сүтке тоймай мөңіреп,
Ұмтылады жайылысқа кеңірек...
Киім керек... оқу керек... үй керек...
Жылылыққа толу керек төңірек...
Жынды шеше керек емес қамайтын,
(Әке керек - сол шешені сабайтын)...
Отын керек уілдеген боранда,
Шекер керек жемесең де, жалайтын.
Құйттай жүйке түтілгенде жанжалмен,
Шешу керек кей түйінді қанжармен...
Айту керек Көмекбайды көрдім деп...
Мың қой баққан жалғыз көйлек-дамбалмен!
Бәрі керек - өлмей тірі жүргенге!
Бәрі керек - керек затын білгенге!
Ұмтылып жүр адамдардың барлығы...
Еш нәрсе де керек емес күндерге...
Тілі шықпай қалғандарға - сөз керек...
Соқырларға - тастан салған көз керек...
Барлығы да болашаққа қарап жүр,
Бұрынғыдан болсам деп жүр өзгерек.
Келіншекке қырындап жүр басқарма...
Кәрілер жүр ақыл айтып жастарға...
Бригадир айқайлап жүр өгізге...
Самолеттер қалықтап жүр аспанда...
Жылды жеген күн, айлардың жұлмалап,
Үлгермейсің беттеріне бір қарап.
Кетіп жатыр коньки таққан секундттар
Мұз таулардың бетіменен сырғанап!
Бәрінің де өз қамы бар, өз мұңы...
Қылаңы бар, қоңыры бар, бозғылы,
Тентек бәйге бара жатыр төс қағып,
Табанында шаңдақ жолдың тозғыны.
Өткен, кеткен, өлген, өшкен осында...
Танымайсың кейбіреуің тосында,
Адамым-ау бір көрген деп бетіңе
Қарамайды бірге өскен досың да.
Тістырнақтап, қос қанатын сермелеп,
Жалтыр тауға бара жатқан өрмелеп,
Қалың нөпір... тоқта, менің Машинам!
Жетер! Енді бізге басқа жер керек!
Мынау шаңға көмілуге болмайды!
Бұдан әрі шегінуге болмайды!
Өмір деген - жолда Жатқан Жолбарыс,
Жеңу керек, жеңілуге болмайды!
Өмір деген - көкте алысқан құс білем,
Қанат сынған жағаласып күштімен,
Қайыспайтын қанатыңды қағарда
Құс көрмеген қалалардың үстімен.
Ұша алмайтын түйе құс та сол жайды,
Айтқысы кеп... қанаттарын қомдайды.
Адам деген машина емес, адамға
Кейін қарай шегінуге болмайды.
Сезім дейтін сексен қылды шерткенде,
Тоқсан қабат қатқан тоңды еріткенде,
Еріп барып, иісі жарып мұрынды
Боз жусанның бүршігіндей бөрткенде.
Кез келгенге - егілуге болмайды,
Күз келгенде - төгілуге болмайды,
Сол кезде де шегінудің жөні бар -
Шектен шыға шегінуге болмайды!!!