Күн-Жария

Қазақстанда миллиард жинаған фильмдер көбейді. Бірақ сапалы кино неге азайды?

Соңғы жылдары қазақстандық фильмдер кассалық рекордтарды жиі жаңартып жүр. Алайда миллиардтаған теңге жинаған картиналардың басым бөлігі – комедия. Кассалық табыс шығармашылық жетістіктің көрсеткіші ме?

Қазақстан кинонарығында соңғы екі жылда бұрын-соңды болмаған кассалық көрсеткіштер тіркелді. Бірнеше отандық фильм 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, ұлттық прокаттың жаңа рекордтарын орнатты. Бірақ бұл көрсеткіш қазақ киносының сапасы артқанын білдіре ме?

2025 жылдың алғашқы жартысында ең көп табыс жинаған қазақстандық фильм – «Патруль. Соңғы бұйрық». Картина прокаттан 1,47 млрд теңге жинады. Екінші орында «Молда» комедиясы – 1,38 млрд теңге, үшінші орында Ақан Сатаевтың «Рэкетир 3» фильмі – 933,4 млн теңге. Сонымен қатар «Жеті гүл» – 851,7 млн теңге, «Малай» – 606,2 млн теңге табыс тапты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштер одан әрі өсті. «Ыстық ұя» драмасы 1,75 млрд теңге, «Патруль. Соңғы бұйрық» 1,72 млрд теңге, «Молда» 1,55 млрд теңге, ал «Қолыңнан келсе алып қаш» 1,40 млрд теңге касса жинаған. Осылайша Қазақстан киносының тарихында 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқан коммерциялық фильмдердің саны 17-ге жетті.

Алайда назар аударатын бір жайт бар. Миллиардтық табыс тапқан фильмдердің басым бөлігі – комедия. Бұл көрермен талғамының өзгергенін ғана емес, продюсерлердің де тәуекелі аз, дайын формулаға сүйенетінін көрсетеді. Ал ғылыми фантастика, балалар киносы, психологиялық триллер немесе тарихи блокбастерлер әлі де сирек түсіріледі.

2025 жылы Қазақстан кинотеатрларына 27 миллионнан астам адам барған. Ел бойынша 118 кинотеатр, 512 кинозал жұмыс істеп, бір жылдың ішінде 1 097 303 киносеанс өткізілген. Бұл – киноға сұраныстың жоғары екенін дәлелдейді.

Демек мәселе көрерменнің жоқтығында емес. Көрермен кинотеатрға келеді, билет сатып алады. Бірақ нарықтағы табыстың басым бөлігі бір жанрдың қолында қалып отыр. Егер қаржылық табыс шығармашылық ізденісті алмастыратын болса, қазақ киносы касса жағынан өссе де, көркемдік тұрғыдан бір орында қалуы мүмкін.

Соңғы жылдардың статистикасы бір нәрсені анық көрсетті: Қазақстанда кино көруге дайын аудитория бар. Ендігі басты сұрақ – сол аудиторияға ертең қандай кино ұсынылады?