Семейде алғашқы BINOM мектебінің құрылысына капсула салынды
Абай облысында алғаш рет BINOM мектептер желісінің білім беру нысаны бой көтереді. Семей қаласының Қарағайлы шағынауданында 1400 орындық заманауи мектептің іргетасына капсула салу рәсімі өтті.
Семей қаласының Қарағайлы шағынауданында BINOM мектептер желісінің Абай облысындағы алғашқы білім беру нысанының құрылысы ресми түрде басталды. Құрылыс алаңында болашақ мектептің іргетасына капсула салу рәсімі ұйымдастырылды. Шараға Абай облысы әкімдігінің өкілдері, BINOM мектептер желісінің басшылығы, BI Engineering & Construction компаниясының мамандары, педагогтер, тұрғындар және болашақ оқушылар қатысты.
Жаңа мектеп 1400 оқушыға есептелген. Жалпы аумағы 17 мың шаршы метрден асатын білім беру кешені 12 функционалдық блоктан тұрады. Төрт қабатты ғимаратта 56 оқу кабинеті, информатика, цифрлық сауаттылық, робототехника және шет тілдері кабинеттері, сондай-ақ үш спорт залы қарастырылған.
Жоба аясында оқушылардың жан-жақты дамуына арналған заманауи кеңістіктер де ашылады. Мектепте STEM зертханасы, FABLAB, кино-фото зертханасы, бейнелеу өнері, дизайн және технология кабинеттері, тұрмыс мәдениеті кабинеті, акт залы мен коворкинг алаңдары жұмыс істейтін болады.
Мектеп аумағында футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, жүгіру жолы, кедергілер жолағы, әскери дайындық алаңы мен демалыс аймақтары салынады. Жобаны BI Engineering & Construction компаниясы жүзеге асырады.
Жоба аяқталғаннан кейін жаңа BINOM мектебі Қарағайлы шағынауданындағы ең ірі білім беру нысандарының біріне айналып, тұрғындарды заманауи әрі қолжетімді білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді. Бұл – Абай облысындағы BINOM желісінің алғашқы мектебі болмақ.