«Өнер ойын-сауыққа айналса, ол өледі»: Қазақстанда жеңіл жанрдың көбеюі өнерге қауіп төндіре ме?
Театр коммерция мен биік өнердің арасында тепе-теңдік сақтауы керек.
Қазақстан театрларында коммерциялық қойылымдардың саны артып келеді. Алайда бұл құбылыс өнердің табиғатына қаншалықты әсер етеді? Jarialike.kz коммерциялық театр мен көркемдік құндылық арасындағы тепе-теңдік мәселесін саралады. Өнер тек табыс табудың құралына айналса, қоғамның рухани деңгейі төмендейді. Ал көрерменнің қандай спектакльді таңдайтыны – елдегі білім мен тәрбиенің көрсеткіші.
Бүгінде театр әлемінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі – кассалық қойылымдар мен көркемдік деңгейі жоғары спектакльдердің арақатынасы.
Қазақстан театрлары соңғы жылдары көрермен санын айтарлықтай арттырды. 2025–2026 театр маусымында еліміздегі театрлар 16 мыңнан астам спектакль қойып, 410 премьера ұсынды. Қойылымдарды 2 832 835 көрермен тамашалаған. Бұл – театрға деген қызығушылықтың сақталғанын көрсететін нақты көрсеткіш.
«Көрермен театрға әрдайым мұң шағып немесе философиялық ой іздеп келмейді. Кейде ол демалуға, күлуге келеді. Сондықтан театрда жанрлық әртүрлілік болуы заңды. Бірақ өнердің басты мақсаты ойын-сауыққа айналып кетпеуі керек».
Сонымен бірге театр кеңістігінде тағы бір үрдіс айқын байқалады – коммерциялық, яғни кассалық қойылымдардың көбеюі. Жеңіл комедиялар мен ойын-сауыққа негізделген спектакльдер көрермен жинап, қаржылық табыс әкелген соң, көптеген театрлар дәл осы бағытқа бет бұра бастады. Коммерциялық спектакльдердің көбеюі – қазіргі кезеңнің табиғи құбылысы. Бір қойылым табыс әкелсе, өзгелері де сол бағытты қайталауға тырысады. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылмайды.
Бұл – Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Театр тарихында коммерциялық кезеңдер әрдайым болған. Алайда өнердің басты мақсаты табыс табуға ғана айналған сәттен бастап оның тәрбиелік және рухани миссиясы әлсірейді.
«Көрермен ақымақ емес. Бір уақыттан кейін бірсарынды жеңіл дүниеден жалығады. Ол өзін өзгертетін, ойландыратын, рухани әсер қалдыратын спектакль іздей бастайды», – дейді мамандар.
Театрдың міндеті – тек көңіл көтеру емес. Көрерменді ойландыру, оның дүниетанымын кеңейту, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру де сахнаның негізгі қызметі болып қала береді. Сондықтан репертуарда әрі коммерциялық, әрі көркемдік деңгейі жоғары қойылымдардың қатар өмір сүруі маңызды.
Егер театр, кино, музыка мен бейнелеу өнері тек көңіл көтерудің құралына айналса, онда өнер өзінің негізгі миссиясынан айырылады.
Мәдениет саласындағы ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 2025 жылы 85 театр жұмыс істеген. Театрларға келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға өскен, ал театрлар өткізген іс-шаралар саны 6 пайызға артқан. Өнер– қоғамның интеллектуалдық және рухани деңгейін көрсететін басты өлшемдердің бірі
«Өнер – ұлттың рухани камертоні. Қоғам қандай өнерді іздесе, сол арқылы оның мәдениеті мен білім деңгейін бағалауға болады. Егер көрермен жоғары өнерді іздей бастаса, онда мектеп, университет және отбасы өз міндетін дұрыс атқарып жатыр деген сөз. Ал адамдар тек ойын-сауыққа ұмтылса, мәселе театрда емес, білім беру мен тәрбиеде».
Қоғам қандай спектакльді іздесе, оның рухани деңгейі де соған сай қалыптасады.
«Театр табыс табуы мүмкін. Бірақ табыс театрдың мақсаты емес, нәтижесі болуы керек. Өнер қоғамды тәрбиелемесе, ол өзінің мәнін жоғалтады».
Сондықтан театрдың болашағы кассалық табыспен ғана өлшенбеуі тиіс. Коммерциялық спектакль театрдың өмір сүруіне мүмкіндік бергенімен, ұлттық мәдениетті дамытатын, жаңа идея ұсынатын, көрерменді өзгертетін қойылымдар театрдың негізгі миссиясы болып қала береді. Театрдың ұзақмерзімді құндылығы да дәл осындай шығармалар арқылы қалыптасады.
.