Мәзір

Кристофер Ноланның өзі сценарий жазбаған жалғыз фильмі қайсы?

«Ұйқысыздық» (Insomnia, 2002) – Кристофер Ноланның фильмографиясындағы өзгеше жоба. Бұл – режиссердің өзі сценарийін жазбаған әрі басқа фильмнің негізінде түсірілген жалғыз толықметражды картинасы. Соған қарамастан, фильм Нолан стилінің айқын белгілерін сақтап қалды.

Кристофер Ноланның өзі сценарий жазбаған жалғыз фильмі қайсы? Кристофер Ноланның өзі сценарий жазбаған жалғыз фильмі қайсы?

2002 жылы жарық көрген «Ұйқысыздық» (Insomnia) – Кристофер Ноланның үшінші толықметражды фильмі. Картина 1997 жылы норвегиялық режиссер Эрик Шёльдбьерг түсірген аттас фильмнің Голливудтағы ремейкі болды.

Бұл жоба Нолан шығармашылығында ерекше орын алады. Себебі режиссердің толықметражды фильмдерінің ішінде жалғыз ремейк осы болса, сондай-ақ сценарийін өзі жазбаған жалғыз жұмысы саналады. Сценарийді Хиллари Сайц әзірлеген.

Фильмде Голливудтың үш ірі актері бас қосты: Аль Пачино, Робин Уильямс және Хилари Суонк. Әсіресе көрермендерді көбіне комедиялық образдарымен танылған Робин Уильямстың тосын драмалық рөлі таңғалдырды. Оның орындауы сыншылар тарапынан жоғары бағаланды.

Түсірілім жұмыстары Канаданың Британдық Колумбия провинциясында жүргізілді. Дегенмен фильм оқиғасы АҚШ-тың Аляска штатындағы шағын қалада өрбиді. Картинадағы күннің батпайтын «ақ түндері» оқиғаның атмосферасын күшейтіп, фильмнің басты көркемдік шешімдерінің біріне айналды.

«Ұйқысыздық» 2002 жылдың 24 мамырында прокатқа шығып, 46 миллион долларлық бюджетпен 113,8 миллион доллардан астам табыс тапты. Rotten Tomatoes агрегаторында фильм 92% оң пікірге ие болып, Ноланның ерте кезеңдегі ең жоғары бағаланған туындыларының қатарына енді.

Көпшілік Кристофер Ноланды «Бастау», «Қара рыцарь», «Интерстеллар» немесе «Оппенгеймер» фильмдері арқылы таниды. Алайда «Ұйқысыздық» режиссердің кейінгі шығармашылығында жиі кездесетін моральдық таңдау, ар-ождан, психологиялық қысым және адамның ішкі қайшылығы сияқты тақырыптардың қалыптасуына ықпал еткен маңызды туынды ретінде бағаланады.

Көп оқылды: