Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» романын жазуға 40 жыл дайындалған
Ғабит Мүсіреповтің ең танымал шығармаларының бірі – «Ұлпан». Алайда бұл роман бірден жазыла салмаған. Жазушы бұл туындының идеясын қырық жыл бойы жүрегінде сақтап, ұзақ зерттеп барып қағазға түсірген.
Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» романын 1974 жылы аяқтап, шығарма алғаш рет 1975 жылы жарық көрді. Бірақ романның тарихы бұдан әлдеқайда ертерек басталған. Жазушы бұл шығармаға шамамен қырық жыл дайындалған.
Ғабит Мүсірепов өз күнделігінде:
«Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы», – деп жазған.
Жазушы романды жазбас бұрын тарихи құжаттарды қарап, ел аузындағы әңгімелерді жинаған. Ұлпан бейнесін бір ғана адамның өмірінен алмай, XIX ғасырдағы қазақ әйелдерінің тағдырын жинақтай отырып жасаған. Сондықтан шығармадағы кейіпкер тарихи тұлға болғанымен, роман көркемдік жинақтау тәсілімен жазылған.
Бүгінде «Ұлпан» романы қазақ әдебиетіндегі ең үздік тарихи-психологиялық шығармалардың бірі саналады. Ал жазушының «Ұлпан менің ойымда 40 жыл жүрді» деген сөзі оның шығармашылыққа қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын дәлелдейді.