Күн-Жария

Ерлан Төлеутай: Абай облысында «Әбіл» фильмінің көрсетілімі қайта жалғасты

«Әбіл» фильмінде басты кейіпкерді сомдаған актер, өнертанушы әрі публицист Ерлан Төлеутай Семейде фильмнің прокаты қайта басталғанын хабарлап, Абай облысының әкімі Берік Уәлиге алғыс білдірді.

«Әбіл» көркем фильмінің басты рөлін сомдаған актер, өнертанушы әрі публицист Ерлан Төлеутай әлеуметтік желіде Семей қаласында фильмнің көрсетілімі қайта жалғасқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін Семейдегі кинотеатрларда фильм прокаты тоқтап қалған. Осы мәселеге байланысты жазған жазбасынан кейін жағдай Абай облысының әкімі Берік Уәлидің назарына жетіп, өңір басшысы кинотеатрларда көрсетілімді қайта ұйымдастыруға ықпал еткен.

«Бүгін ол облыс әкімі Берік Уәлидің көзіне түсіпті. Берік бауырым, дереу кинотеатрларға пәрмен беріп, барлығының есігін айқара ашқызып тастапты. Халық ағылып жатыр дейді», – деп жазды Ерлан Төлеутай.

Ерлан Төлеутай – режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмінде басты кейіпкер Әбілдің бейнесін сомдаған актер. Ол осы рөлі үшін бірнеше халықаралық кинофестивальде «Үздік актер» атанса, фильмнің өзі Франция, Бангладеш және өзге де халықаралық фестивальдерде бірқатар беделді марапаттарға ие болған.

Өз жазбасында актер фильмнің халықаралық деңгейде мойындалғанына қарамастан, Қазақстанда көрерменге жол тартуы қиындыққа тап болғанын айтып, Абай облысы әкімдігінің жедел әрекетін жоғары бағалады.

Сондай-ақ ол бұл тәжірибе еліміздің өзге өңірлеріне де үлгі болып, ұлттық киноға қолдау көрсету ісі барлық облыста жалғасады деген үмітін жеткізді.