Тұманбай Молдағалиевтің «Жеңеше» өлеңі
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Тұманбай Молдағалиевтің «Жеңеше» өлеңі – Ұлы Отан соғысы жылдарында жастай жесір қалған аналардың тағдырына арналған жүрекжарды туынды. Ақын соғыстың адам жанына салған жарасын, өмір бойы сүйген жарын күтіп өткен әйелдердің мұңын, сабырын және қайсарлығын әсерлі бейнелейді.
Тұманбай Молдағалиев (1935-2011):
Жеңеше, шылым шекпе деп,
Айтуға саған хақым жоқ.
Тағдырмен шықтың жекпе-жек
Жиырмаңда жесір қатын боп.
Жеңеше, шарап ішпе деп,
Айтуға аузым бармайды.
Арманыңды үнсіз күтумен
Ақ жүзің сенің сарғайды.
Арманға ылғи шөлдедің,
Білемін күнің жоқ азған.
Жиырмаңда жарың өлгенін
Естідің қара қағаздан.
Өртенген жұрт көп назыңнан
Есімде әсем сымбатың.
Күйеуің жайлы жазылған
Сол қағаз бүгін қымбатың.
Сенбедің алғаш сен оған
Күтумен жүрдің жарыңды.
Көктемде қайтып оралған
Құстарға айттың зарыңды.
Құстардан қанат сұрадың
Көрсем деп майдан даласын.
Оңаша жүріп жыладың
Сынды-ау деп зәулім ағашым.
Әлдекімдерге кектендің,
Қолыңа жағың сүйедің.
Кебенек киіп кеткеннің
Кім білген кебін киерін.
Өлдіге жарды қия алмай,
Дүниені оймен шарладың.
Құмарың қанып сүйе алмай,
Өкінтті-ау жесір қалғаның.
Бәрі де қиын бұл шақта,
Қалады қатып сертте кім.
Қоштасар түні, құшақта
Өртеніп неге кетпедім.
Деген де ойлар өкінтті-ау
Түннің бір ауған шағында.
Өксіген жылдар өтіпті-ау
Орап ап сені жалынға.
Сол кезде шылым қадірлі,
Ап-ащы шылым, у шылым.
Қиялмен көріп жарыңды
Ұйқыға шомдың, тыншыдың.
Далаға кеттің ақ таңнан
Иықтан түспей кетпенің.
Кеткендер келіп жатқанда
Келмеді сенің кеткенің.
Жеңіс те жетті дүрілдеп,
Жадырап жасыл май келді.
Ұсынды бастық күлімдеп,
Еңбектен алған бәйгеңді.
Жеңіс те жетті дүрілдеп,
Үміт пен күдік тоғысқан.
Біреулер тұрды күлімдеп,
Ері аман келіп соғыстан.
Қарадың үнсіз қақпадан,
Жиналған жұртқа бара алмай...
Өзіңе сендің тек қана,
Сенетін кісің оралмай.
Ән салды халық тағы да
Бақтағы гүл де еді әсем.
Сол күні үйің маңында
Жер жыртып жүрдің жеңешем.
Өзіңе сендің, өзгеден
Шапағат, қайрым күтпедің.
Бригадирменен сөзге кеп,
Ағаштарыңды түптедің.
Жалтылдап бір от көзінде,
Бассын деп іштің боранын.
Ашуың қысқан кезінде
Ащы бір шылым орадың.
Көбейді тойлар жомарттық,
Тойда арақ қалмас құйылмай.
Артықтау іштің арақты,
Жеңістің берген сыйындай.
Зымырап жылдар көп өтті,
Құмарсың әлі күлуге.
Ұлыңнан туған бөбекті
Бауырыңа бастың бүгінде.
Бойыңда отың, қайратың,
Көңілің сенің сенер ме.
Келіншек атанбай жатып,
Кемпірлік келді дегенге.
Кім ұғар жырын жүректің,
Қалды ғой ол жыр мәңгі есте.
Жиырмада жанған бір оттың
Иесі кетті келмеске.
Сенбейсің, әрі сенесің...
Тартты ғой күңгірт нұр жанар.
Бір сынған бақыт кесесін,
Иесі келмей, кім жамар?!
Сертінен жеңгем таймады,
Жақпады шамын басқаның.
Жиырмада қартайғандарды,
Құрметтеу керек, достарым.
Өмірден олар не көрді,
Бақытын көрді басқаның.
Елуде еңкеймегенді
Еркелетіңдер, достарым.
Арақ пен шылым себебін
Соғыстан сонау іздеңдер.
Өтінем, достар, күнбе-күн
Олардан сәлем үзбеңдер.
Жарларын мәңгі тосты деп,
Оларды сәл-пәл елесең.
Мейірімді ұрпақ өсті деп,
Мейірленеді жеңешең!..