Күн-Жария

«Встать! Міржақыптың қызы төрде отыру керек!» – Бауыржан Момышұлының Гүлнәр Дулатоваға көрсеткен құрметі

Тоқсаннан асқан шағында өмірден озған Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова – Алаш арысы Міржақып Дулатовтың жалғыз қызы. Алаш қайраткерлерінің көзін көрген аяулы жанға Бауыржан Момышұлының ерекше құрмет көрсеткені туралы әсерлі естелікпен алаштанушы ғалым Айгүл Исмақова бөлісті.

Тоқсаннан асқан шағында дүниеден өткен Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова – қазақ руханияты үшін айрықша тұлға еді. Кішкентай кезінде Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының тізесінде отырып өскен, Алаш арыстарының аманатын жүрегінде сақтап өткен жан ретінде халық жадында қалды.

Филология ғылымының докторы, алаштанушы профессор Айгүл Исмақованың айтуынша, Гүлнәр апа «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында қайныағасы Бауыржан Момышұлына қатысты ерекше бір оқиғаны баяндайды.

1964 жылы Бауыржан Момышұлы Жазушылар одағының сыйлығын алып, соған орай дастарқан ұйымдастырады. Сол жиынға қара жамылып отырған келіні Гүлнәр Дулатованы арнайы шақыртады. Күйеуі қайтыс болып, аза тұтып отырғанына қарамастан, Бауыржан батырдың шақыруын жерге тастай алмай, кешігіп болса да келеді.

Жиын басталып кеткен екен. Сонда Бауыржан Момышұлы отырғандардың бәрін орнынан тұрғызып:

— Встать! — дейді.

Кейін Гүлнәр Міржақыпқызын өзінің оң жағына отырғызады. Жазушы, қоғам қайраткерлері Әнуар Әлімжанов пен Әди Шәріпов бастаған зиялы қауым өкілдері отырған ортада батыр былай деген екен:

— Мына кісінің кім екенін білесіңдер ме? «Оян, қазақ!» дегенді білмегендей отырсыңдар. Бұл – сол Міржақыптың жалғыз қызы. Төрде сендер емес, осы кісі отыруы керек!

Бауыржан Момышұлы Гүлнәр Дулатоваға әрдайым ерекше құрмет көрсеткен. Үйіне арнайы барып, Міржақып Дулатовтың қолына түскен өлеңдері мен жазбаларын әкеліп беріп отырған.

Сондай кездесулердің бірінде ол Гүлнәр апаға:

— Еңсеңді көтер. Сен халық жауының қызы емессің. Бүкіл қазаққа ұран болған Міржақыптың қызысың. Ертең тәуелсіздік келгенде халық әкеңді басына көтереді. Сол күнге дайын болу үшін әкеңнің мұрасын қазірден бастап жинай бер, — деп жігер берген екен.

Айгүл Исмақованың айтуынша, Гүлнәр апа осы сөздерді еске алған сайын көзіне жас алып, ерекше тебіреніспен әңгімелейтін.

Бұл оқиға Бауыржан Момышұлының Алаш қайраткерлеріне деген құрметін ғана емес, қиын кезеңде олардың ұрпағына рухани тірек бола білген азаматтық тұлғасын да айқын көрсетеді.