Руханият

Нобель сыйлығы – әдебиеттің шынайы өлшемі ме?

Әдебиеттегі ең беделді марапат саналатын Нобель сыйлығы әрдайым ұлы таланттарға ғана беріле ме? Әлде уақыттың саясаты мен қоғамдық көзқарастары да шешуші рөл атқара ма?

Қандай да бір беделді әдеби сыйлықты көркем өнердің абсолютті өлшемі ретінде қабылдау — жаңсақ пікір. Әдебиет тарихында Нобель сыйлығын уақыт сынынан сүрінбей өткен ұлы суреткерлер ғана емес, белгілі бір кезеңнің саяси немесе қоғамдық сұранысына дөп келген қаламгерлер де иеленген мысалдар аз емес. Кей шығармалар өз дәуірінде дүркіреп танылғанымен, арада уақыт өткен соң өзектілігін жоғалтып, әдеби айналымнан шеттеп қалып жатады.

1903 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы норвег жазушысы Бьернстьерне Бьёрнсон берілді. Швед академиясы оған марапатты «рухының тазалығымен және шабыт сергектігімен ерекшеленетін асқақ әрі көпқырлы поэзиясы үшін» тапсырған болатын.

Алайда сол кезеңнің өзінде бұл шешім әдеби ортада үлкен пікірталас туғызды. Себебі көпшілік Норвегияның ғана емес, әлем драматургиясының алыбы Генрик Ибсен Нобель алуға әбден лайық еді деп санады. Тіпті кей зерттеушілер мен әдебиеттанушылар Бьёрнсонның қоғамдық белсенділігі мен саяси беделі марапатқа әсер етті деген пікір айтады.

Шынында да, Бьернстьерне Бьёрнсон тек жазушы емес, Норвегиядағы ұлттық қозғалыстың ірі қайраткері, публицист әрі қоғам белсендісі болды. Ол норвег ұлттық гимнінің мәтінін жазып, қоғамдық-саяси мәселелерге белсене араласты.