Олай емес…

РАСА ТЕОРИЯСЫ – көрермен жүрегіндегі дәм

Неге бір спектакль аяқталған соң ішіміз босап қалады? Неге кей қойылым жүрекке тыныштық сыйласа, енді бірі мазасыздық қалдырады? Бұл жазбада үнді эстетикасындағы Раса теориясы арқылы театрдағы эмоция табиғаты мен көрермен әсері сараланады.

Ежелгі үнді театр ілімінде бір ұғым бар: Раса. Санскриттен аударғанда ол – «дәм», «мән», «ішкі әсер» дегенді білдіреді. Бірақ бұл жай ғана эмоция емес. Бұл – өнер аяқталғаннан кейін көрерменнің ішінде қалып қоятын сезімнің рухани ізі.

Егер Вата – қозғалыс болса, Питта – сахнаның ішкі оты болса, онда Раса – солардың көрермен жүрегінде қалдырған жаңғырығы.

Театрда ең маңызды нәрсе кейіпкердің жылауы емес. Ең маңыздысы – көрерменнің ішінде қандай күй қалдырғаны. Себебі жақсы спектакль оқиғамен емес, әсермен есте қалады.

Ежелгі «Натьяшастра» трактатында театр тоғыз негізгі Расаға бөлінеді:

Шрингара – махаббат, сұлулық, іңкәрлік;

Хасья – күлкі;

Каруна – қайғы, аяныш;

Раудра – ашу;

Вира – ерлік;

Бхаянака – қорқыныш;

Бибхатса – жиіркеніш;

Адбхута – таңданыс;

Шанта – тыныштық.

Кез келген ұлы спектакль осы сезімдердің біріне немесе бірнешеуіне қызмет етеді.

Мысалы, трагедияның мақсаты – тек мұңайту емес. Оның түпкі мақсаты – Каруна, яғни жүректі тазартатын аяныш сезімін тудыру. Ал комедияның міндеті – күлдіру ғана емес. Ол өмірдің ауырлығын жеңілдетіп, көрерменге өзін сырттай көруге мүмкіндік береді.

Театрдағы шынайы шеберлік – эмоцияны көрсету емес, Раса тудыру.

Актер көз жасын шығара алады. Бірақ көрермен жыламаса – Раса тумағаны. Режиссер сахнаны әдемі құра алады. Бірақ ішкі діріл болмаса – спектакль ұмытылады.

Қазақ театрында біз кейде эмоцияны қатты ойнаймыз, бірақ оның дәмін қалдыра алмай жатамыз. Қайғыны айқаймен шатастырып, драманы пафоспен алмастырып алатын тұстар кездеседі. Ал Раса теориясы керісінше бір нәрсені үйретеді: терең сезім айғайламайды.

Кейде сахнадағы бір үнсіздік – тұтас монологтан күшті.

Мысалы, көрермен спектакль аяқталған соң біраз уақыт орнынан тұра алмай қалса, бұл – Каруна. Егер қойылымнан кейін бойында үнсіз батылдық оянса – бұл Вира. Ал ішкі тыныштық орнаса – Шанта.

Сондықтан театр – оқиға айту өнері ғана емес. Ол – адамның ішкі күйін өзгерту өнері.

Жақсы спектакль аяқталмайды.

Ол көрерменмен бірге үйіне қайтады. Ішінде қалады. Кейде күндерден кейін ғана сөйлейді.

Сол үнсіз сөйлейтін әсердің аты – Раса.