Күн-Жария

Күнкөріс қиындап бара жатқасын ол биыл кәсіп іздеп, қатын-баласын ата қоныста қалдырып, салт басы сыбай келді.

Қол жұмысына қабілетсіз болса да, айтқанды қайт етпейтін елгезек, үлкен-кіші алдында елпілдеп тұратын кішкентай, қағілез жігіт. Ептеп әңгілеу. Өлең айт десе іркілмейді. Домбыра орнына көзгелдек сұрап алып, аузын желпіп жіңішке даусы безілдеп, бебеулей жөнеледі.

Сондағы айтатыны:

Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең,

Шоқытып көк есекпен желіп келем.

Ой қасқа, қасқа, қасқа, қасқа, қасқа...

Басында көк есектің кендір ноқта.

Көк есек барың болса, ырғалақта,

Ой, қасқа, қасқа, қасқа, қасқа, қасқа...

Балықшылар мұз үстінде қолы қалт еткенде оған «ой, қасқаны» айтқызып, күліп мәз болатын. Бүгін онан тыйылды. Бәрінің бағатыны — Мөңкенің қабағы. Оның күні бойы қолы жұмысқа бармай, қайғыға уланып жүргені бұлардың жанына батады. Мөңке олардың алдында сыр бермегенсіп, тістеніп шыдап бағады. Тек анда-санда күпті көңілге суық үрей шауып, басын көтеріп ауыл жаққа қарайды.

Бүгін ауға балық тәуір түсіпті. Асымдықтан ауысқан бес-он қадақты гірге өткізгісі келген балықшылар күн кештете бір-бір ит шана сүйретіп промсолға тартты. Орталарында Мөңке. Қарын үрлеп тастаған көкше мұзды тайғанақтап басып қауқылдап келеді:

— Байқадыңдар ма, балық бүгін де аудың тайыз басына түсіпті.

— Апыр-ай!.. Не қылса да кешелі-бүгін балық тайыздан соғып тұр-ау?!

— Қыстағы балықта мәлім жоқ. Қашан арқасын мұз, бауырын қайыр қаққанша жосып тарта беретін әдеті ғой.

Бұлардың ілгергі жағынан, биік қар шоқалақтарды баурайлай салған ашпақ үш үй көрінді. Балық тапсыратын промсол осы. Олардан сәл берігіректе шомдап буған қамыстан іргесін тұрғызып, қара балшықты әншейін қара қотырлап ұра-ұра салған алқа бел ұзын сарай: бұл — балық тапсыратын мұзқала. Іші көлдария. Сырттан кірген кісіге шикі балықтың шырыш иісі лап береді. Қыс түгіл алты ай жазда да мұзқаланың сонау күн түспей, қара кеугімденіп тұратын түп жағынан кісі тәні түршіккендей ызғар айықпайды. Сол жақтан балық сойып жатқан әйелдердің жаулығы ағараңдады. Сырттан дабырлап сөйлей кірген балықшылардың даусын есіткен бойда мұзқаланың түкпірінен еңгезердей біреу шықты. Бұл — Федоровтың бедіретшігі Курнос Иван. Федоровтай емес, бұл өзі балықшыларға іш тартқансып, жылы шырай беріп алдынан күліп шығады. Ол осы жолы да:

— А, Еламан!.. Еламанушка, — деп анадайдан арсалаңдап күліп келе жатқан-ды.

— Мынаны байқайсың ба, екі өкпесін қолына алып келеді ғой, — деді Рай.

— Осыны қойшы! Не бауыры бітіп барады дейсің?.. Дорбаңдағы бес-он қадақ балығың да көңілін босатып келе жатқан, — деді Еламан. Ішке кіргесін де ол әлдекімді іздегендей алақтап жан-жағына қарады. — Сары бала қайда?

— Андрей ме? Осында, керегі бар ма еді?

— Мына балықты қабылдамай ма?

— Мен қабылдаймын ғой. Кәне, бері жүріңдер! Еламанға мынаның жалақтаған түрі ұнамады.

Өздерінің жазу-сызуға шорқақтығын пайдаланып, балықты ылғи кем жазады. Еламан оған қайырылмады. Мұзқаланың түп жағындағы үлкен есікке кіріп кетті де, іле-шала шашы жалбыраған ұзын бойлы сары жігіт екеуі күліп шықты. Бұл — осы промсолда қара жұмысшы. Қыста мұзқалаға мұз үйеді. Балық қабылдайды. Жазда балықты ыстайтын да, тұздайтын да осы.

Қазіргідей теңіз әлі қата қоймаған аласапыран абыржыда жұмыс аз. Көбіне қол бос. Сондайда осы сары бала салып ұрып қазақ аулына барады. Оның қарапайымдылығын ұнататын қазақтар көрген жерде «сары бала» деп оған кәдімгідей іш тартып тұратын. Андрей де балықшыларды көрсе үйіріле кететін бауырмал. Қазір де жайраңдап күліп, балықшылардың мұздай қолын бір-бір қысты. Еламанды оңашалап шетке алып шығып «Мөңкенің, бәрәшүгі қалай?» — деп сұрады.