«Дон Кихот» және адамзат өнеріндегі жаңа дәуір
1605 жылы жарық көрген Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» романы әлем әдебиетінің бағытын өзгерткен ұлы туындыға айналды. Араға төрт ғасыр салса да, шығарма адамзатқа әділдік пен адалдық туралы ой салуын тоқтатқан жоқ.
Испания мәдениеті үшін 1605 жылдың орны ерекше. Саяси әрі экономикалық тұрғыдан алғанда бұл кезеңнің алдыңғы жылдардан айтарлықтай айырмашылығы болмағанымен, дәл осы жылы адамзат руханиятына өлшеусіз ықпал еткен ұлы шығарма дүниеге келді.
XVII ғасырдың басында ІІІ Филипп билеген Испан империясы әлемдік держава мәртебесін сақтап тұрған еді. Еуропа, Америка, Азия мен Африкадағы ұлан-ғайыр аумақтарын ұстап қалу үшін Испания теңізде де, құрлықта да үздіксіз соғыс жүргізіп жатты. Бірақ сол тарихи оқиғалардың ешқайсысы 1605 жылдың қаңтарында Мадрид кітап дүкендерінде сатылымға шыққан бір кітаптың маңызымен теңесе алмады.
Бұл – Мигель де Сервантес Сааведраның «Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот» романы еді. Алжирде тұтқында болған, тағдыр тауқыметін көп көрген, жасы егде тартқан әрі мүгедек жазушының бұл туындысы кейін әлем әдебиетінің ұлы ескерткішіне айналды.
Орыс ойшылы Виссарион Белинскийдің сөзімен айтқанда, «адамзат өнеріндегі жаңа дәуір» дәл осы кітаптан басталды. Шынында да, «Дон Кихот» тек көркем шығарма ғана емес, адам жанының, арман мен шындықтың, әділет пен адасудың философиялық айнасы болды.
Арадан төрт ғасыр өтсе де, Сервантес куә болған қанды шайқастар, сол заманның корольдері мен қолбасшылары тарих қойнауына кетті. Ал «Дон Кихот» болса әлі күнге дейін оқырманын адалдыққа, ар-ұятқа, әділдікке тәрбиелеп келеді.
Ұлы әдебиет уақыттан биік тұрады. Сервантес шығармасының мәңгілік құндылығы да – осында.