Руханият

ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ

Мирас Әбіл

Классиканы «қалай қою керек?» деген сұраққа еш уақытта «міне, осылай қою керек!» деп жауап айтылмақ емес. Өйткені классика – уақыттан биік тұрған туынды, ал сахна – уақытқа бағынышты өнер. Екеуінің табиғаты екі бөлек. Классика мәңгіліктің үні болса, сахна – бүгіннің тілі. Сол себепті классиканы сахнаға әкелгенде біз кейіпкерді «қалай сөйлету керек, бүгінгідей ме, әлде баяғы заманның үнімен бе?» деген форманың шырмауына түсіп қалмауымыз керек. Өйткені өнердің шындығы формада емес, мазмұнда, уақыттың киімінде емес, адамның жүрегінде жатыр.Кейіпкер жылап-сықтамаса да – терең қайғыруы мүмкін. Айғайға баспаса да – ашулануы мүмкін. Сөзге жүгінбесе де – бір ғана көзқараспен бар сырын аңғарта алуы мүмкін. Өйткені адамның шын күйі әрқашан да сыртқы қимылмен өлшенбейді. Ішкі діріл кейде тілден де, әрекеттен де терең сөйлейді. Өнер дегеніміз – сол көзге ілінбеген күйді, көңіл түбіндегі сырды таныта білу.Ал актер осыны көрсету үшін – алдымен өзі адам болуы керек. Өзі адам болмағанның өнері де адамдықты таныта алмайды. Себебі сахнадағы шындық – өмірден бөлінбейді. Өмірде көрмегенді сахнада көрсете алмайсың. Іштей түймегенді сырттай бейнелей алмайсың. Өнер иесі ең әуелі тіршіліктің сынын көрген, қуанышын да, қасіретін де сезген жан болуы керек. Сонда ғана ол кейіпкердің ішкі сырын шынайы жеткізе алады. Бірақ осы жолдың өзі – ешқашан тәмам болмайды. Өнер адамы үнемі ізденіп, үнемі үйреніп отыруы тиіс. Өйткені адамды түсіну – таусылмайтын ғылым. Сондықтан актер – өмір бойы шәкірт. Шәкірт болып қалған сайын ғана – ол шын суреткер бола алады.Сондықтан да, классиканы «қалай қою керек?» деген сұрақтан бұрын: «Неге және не үшін қоямыз?» деген сауал алдыңғы қатарға шығуы керек.Егер біз классиканы тек атақ үшін, есеп үшін, репертуарды толтыру үшін қоятын болсақ – ол өнер емес, рәсім ғана болып қалады. Ал егер біз оны бүгінгі қоғамға не айтады, бүгінгі адамға қандай ой салады, қандай сұрақ тудырады деген ниетпен қойсақ – онда классика тіріледі.Себебі классикалық туынды – өлмеген, ол бізді күтіп тұрған даналық.