Бүгін қазақ кинодокументалистикасының атасы, ҚазКСР халық артисі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ораз Әбішев 110 жасқа толар еді.
Өнер жолын опера әншісі ретінде бастаған ол денсаулығына байланысты бұл мамандықпен қоштасуға мәжбүр болды. Алайда өнерден алыстамай, 1939 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына (ВГИК) режиссер Моисей Левиннің курсына оқуға түседі. Соғыс жылдары Алматыға эвакуацияланған «Ленфильм» студиясының ұжымымен бірге Орталық Біріккен киностудияда (ЦОКС) қызмет атқарды.
Ораз Әбішев кеңестік және қазақстандық деректі кино өнерінің дамуына зор үлес қосты. 50 жылдық шығармашылық ғұмырында 70-ке жуық деректі фильм мен 300-ден астам киножурнал түсірді. Оның еңбектері уақыт шындығын дәл бейнелеуімен, өмірдің табиғи болмысын көрсетуімен ерекшеленді.
Бүгінде режиссердің туындылары қазақ киносының баға жетпес мұрасы ретінде бағаланып, әлемдік деректі кино мамандарының қызығушылығын тудырып келеді.
Ораз Әбішев — қазақ деректі киносының шежіресін жасаған тұлға