Руханият

ОН БЕСІНШІ СӨЗ

Мирас Әбіл

Театр - көрермен үшін.
Көрермен болмаса - сахна бос. Бұған дау жоқ.
Ал ойсыз көрермен болса - театр да бос. Театр көрерменге қызмет етуі керек. Бірақ жалбарынып емес - ой тастап, жанын тербеп қызмет етуі керек.
Ол күлсе - жүрегімен күлсін, жыласа - шынайы көз жасымен жыласын. Сонда ғана театр тірі болады. Екеуі - сахна мен зал - бір сәт үнсіз түсініскенде,
міне, нағыз өнер сол мезетте туады. М. Әуезов атындағы Ұлттық театр төрт жыл бұрын «шақыру билеті» деген ұғымнан түбегейлі бас тартты. «Тегін» деген сөз қай жерде айтылса, сол жерден театр басталмайды. Сахнадағы актердің еңбегі, спектакльді дүниеге әкелген режиссердің ой еңбегі неге тегін болуы тиіс? Ең кемі, символикалық мәнде болса да, көрермен қалтасынан шағын ғана қаржы шығарып, өнерге құрметін білдіруі керек емес пе?
Ал бізде, керісінше, тарихы таудай, атағы дардай театрлар шақырудың жаңа «форматтарын» ойлап табумен әлек. Премьераларға арнап шақырылатын адамға сый-сияпат қоса беріп, театрға келуді сән-салтанатты рәсімге айналдыру үрдісі белең алып барады. Бұл - өнердің қадірін арттырмайды. Керісінше, оның құнын арзандатады.