«ҰЛТТЫҚ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ФАРХАТ АБЫТОВ БҰҰ ЕЭК РЕСУРСТАРДЫ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ БЮРОСЫНЫҢ ВИЦЕ-ТӨРАҒАСЫ БОЛЫП САЙЛАНДЫ
2026 жылғы 28 сәуірде Женева қаласында өткен «Ресурстарды басқару апталығы» аясында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Абытов БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Ресурстарды басқару жөніндегі бюросының вице-төрағасы болып сайланды.
БҰҰ ЕЭК-тің Ресурстарды басқару жөніндегі бюросы — табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласындағы жаһандық күн тәртібі қалыптасатын БҰҰ-ның маңызды алаңы. Бюро БҰҰ аясында 56 елдің сарапшыларын біріктіріп, энергетикалық көшу жағдайында жауапты жер қойнауын пайдалану және шикізаттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шешімдер әзірлейді.
Айта кету керек, Бюроның вице-төрағасы қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылады және сараптамалық-консультативтік сипатқа ие.
Фархат Абытов атап өтті:
«Вице-төраға болып сайлану — халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, қазақстандық сарапшылардың әлеуетін арттыруға берілген мүмкіндік. Біздің басты міндетіміз — БҰҰ ЕЭК өңірі елдерімен әріптестікті кеңейту, бірлескен жобалар үшін озық тәжірибелер мен сараптаманы тарту, сондай-ақ тұрақты ресурстарды басқару жөніндегі жаһандық диалогта Қазақстанның мүддесін ілгерілету. Әлемдік шикізатқа сұраныстың артуы жағдайында туындап отырған сын-қатерлерге тек ашық өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасу арқылы ғана жауап бере аламыз деп сенемін».
«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүйелі түрде нығайтып келеді.
Бюроның басшылық құрамына сайлану геология және тұрақты жер қойнауын пайдалану саласында бірлескен бастамаларды іске асыру мен білім алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.