Елбасытанудың ерен үлгісін көрсеткендер
«Ұлы дала перзенті», «Нартұлға», «Мәңгілік елдің дәуірлік тұлғасы», «Еліне елеулі Елбасы», «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі», «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы», «Алтын діңгек»... Бірінен бірі өткен бұл кітаптар мен төмендегі мақалалар Патшаны мақтау «жарысының» жарқын мысалдары. Отыз жыл сайраған сандуғаштардың шалдықпас деген шабыттары таусылғандай... Хош, бұл жарыстың «үздіктері» кімдер?.
Назарбаевқа жағымпазданудың ерен үлгісін көрсеткендердің көш басында Мырзатай тұр. «Қынаптан суырылған қылыш», «Мұзжарғыш кеме», «Пешенеге берген тұлға», «Ұлттың бас иесі», «Ұлттың көріпкелі», «намыс қамшыгері», «Алланың сыйы», «Халқының бәйтерегі» - «бірінен бірі өткен» сипатты сөздерге қарап-ақ Жолдасбековтің табиғатын тани беріңіз.
«Бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, желбіретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Құдайға шүкір, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық» деп терісіне симаған Мырзекең бүгінгі жаңа жағдайда үнсіз отыр. Өзі бұл айтылған сөздерін «аңызға бергісіз шындық» деп әлдене рет бұлбұлша сайрағаны жадымызда. Қазір ол мақтауын асырған патшасы жөнінде «Ол туралы не айтасың қазір» деп айнып шыға келгендей...
Тұңғыш президентті мадақтаудан алдына жан салмаған жанның бірі – Сауытбек Абдрахманов. Бір сұхбатында ол – «Тек Елбасы туралы жазғандарымның басын қосса да кемінде екі том құралып қалар. Оның сыртында, Нұрсұлтан Әбішұлының «Таңдамалы сөздер» деген атпен жарияланған қазақша тоғыз томдығының арнаулы редакторы болғаным, сол тоғыз томның аудармасын ұйымдастырғаным, ондағы әр сөйлемге шұқшиып, жеке-жеке салыстырып, қажет жерін түзеп, жетілдіріп шыққаным, талай сөзді аударғаным тағы бар», -дейді.
Абдрахманов Назарбаевты неге теңемеді дейсіз? «Семсерден соқа соқтырған» деді, «нар тұлға», «Отаншыл жүрек иесі», «Ойшылдық олжасы» деген ұзын шұбақ маржан теңеулерден сарай тұрғызды.
Елдің бағын сақтап қалуға талас туған заманда Сауытбек «... Назарбаевтың халықтың бағына туған перзент екендігі ешқандай талас тудырмайды» деп жеке тұлғаны әсіре әспеттеуден танған емес. Ол «тұрақты кейіпкері» туралы «... Отыз жылда Қазақстанда қолдан келгеннің бәрі дерлік жасалды» деп марқайғаны есте. Бірақ шенеуніктің бұл сөзіне елдің қазіргі күйзелісті жағдайы сай келе ме?!
Қуаныш Сұлтанов та бұл қызғын «жарыстың» бел ортасында жүрді. «Нұрлы жол» - жасампаз жорыққа шыққан жарқын жол» дейтін Сұлтанов кейінгі уақытта мінберлерден төбе көрсетпейді. Ертеде – ақ азат болған елімізді бұрын-соңды болмаған мемлекетке дегені көпшіліктің көңілінде болар. «Бұрын-соңды ешқашан олар Қазақстанды мемлекет деп мойындаған емес. Кезіндегі шегара бөлістердің барлығы – 1880 жылғы, 1860 жылғы шегара бөлістері Қытай мен Ресейдің арасында болған. Біздің қазақтың жерін бөлгенде қазақ қатынаспаған. Неге қатынаспаған? Мемлекет болмағанбыз. Біз Ресейдің құрамында болғанбыз»... – деп сөйлейтін ол Жаңа Қазақстанның жаңа жоспарларына септесер ме екен?!
Елбасытанудың ерен үлгісін көрсетіп, қаламы жорғалағанның бірі – Алдан Смайыл. Оның іркіліссіз ізденісі «Тұлға. Ұлт. Тағдыр» кітабында айқын аңғарылады. Ол пір тұтатын тұлғасына арнап «Мәңгілік елдің дәуірлік тұлғасы», «Елінің жігері, қоғамның тірегі», «Құрыш осылай шынықты», «Тарихтың жоғалтқанын бүгіннен іздеген», «Дағдарысты еңсерудің кепілі – күшті президенттік билік» сынды мақалаларын асқан тебіреніспен жазады.
Алдан Смайыл кейіпкерінің бейнесін мінсіз шеберлікпен жазу үшін дүние жүзінің данышпандары мен патшаларын түгел тізеді. Ыңғайға келместі ыңғайына келтіріп, «аспандағы айды» алуға барын салады-ай. Абай дейсің бе, Ницще дейсің бе, Фукуяма, Акутагава дейсің бе, Конфуций дейсің бе бәрі де табылады. Қызды қыздымен қасиетті «Құранның» да мәтіндерінен «Ұлт көшбасшысының» сипатын табады. Тин, кеһф, азхап сүрелеріндегі көркемдік бейнелерін Назарбаевтың бойынан кездестіретінін жазады. Мақтаулы тұлғасын маңдайға алған ол Абайдың күллі еңбегінен мысал келтіруде «көз майын тауысты».
«Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме – одан да сыз өтеді», - деген. Экс-Президент тақтан тайып, заман әп сәтте өзгеріп шыға келгенде «жарыстың» жүлдегерлері неге үнсіз?! Елге кітаптары мен мақалаларында жазылған «даналық сөздерін» айтпай ма?! Жоқ, әлде Мырзатай айтпақшы, «Баянды бақыт уақытының» келмеске кеткеніне өкініп жатыр ма?!
Парасат Негізов
Фото: ТАСС