Елорда тұрғындары 350-ден астам ағаш отырғызды
Көгалдандыру жұмыстарымен қатар, ауданда ондаған тазалық акциялары өтті
Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында экологиялық айлық жалғасуда. Елорданың Сарыарқа ауданында бұл эко-бастаманы 20 мыңнан астам адам қолдады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Экоакция Күмісбеков көшесінен басталып, Кенесары, Сәкен Сейфуллин көшелеріне дейінгі аралықта болды. Мұнда тұрғындар 350-ден астам көшет отырғызды. Акцияға шамамен 500-ден адам қатысты. Олардың ішінде белсенді тұрғындар, ұйым қызметкерлері, этномәдени орталықтардың өкілдері, сондай-ақ Сарыарқа ауданы әкімдігінің қызметкерлері бар.
Айта кетерлігі, шараға қаланың басқа аудандарынан да қатысушылар келіп, экологиялық бастаманы қолдады.
Көгалдандыру жұмыстарымен қатар, ауданда ондаған тазалық акциялары өтті.
«Бүгін біздің аудандық ардагерлер кеңесі “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына белсенді қатысуда. Бұл жай ғана экоакция емес — бұл нағыз еңбек. Біз қаламызды таза әрі көрікті ету үшін шықтық», — деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Ұляш Құсайынова.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл бастама бүгінде жалпыхалықтық сипат алып, тек абаттандыру мәселелерін ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды да қамтып отыр.
Ұляш Құсайынова қала тұрғындарын тазалықты тек жаппай акция күндері ғана емес, күнделікті өмірде де сақтауға шақырды.
«Тазалық әр адам үшін қалыпты жағдайға айналуы маңызды. Сонда ғана біздің қаламыз шын мәнінде жайлы әрі әсем болады», — деп қосты ардагерлер кеңесінің төрайымы.
Еріктілер үшін ұйымдастырушылар ыстық шай мен жеңіл тағамдар дайындап, іс-шара барысында жұмыс қарқынын сақтауға мүмкіндік жасады.
Мұндай бастамалар қаланың көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін де қалыптастырады.