«QOSTANAI TECH»: БОЛАШАҚТАҒЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ТОҒЫСТЫРҒАН ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ФЕСТИВАЛЬ
Фестиваль Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында өткізіледі.
29 сәуір күні Қостанай қаласында еліміздегі ең ірі әрі маңызды іс-шараларының бірі – отбасылық ғылыми-инновациялық «QOSTANAI TECH» фестивалі өтеді. Сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жалғасатын шара «Жастар сарайы» мен оған іргелес аумақтарда ұйымдастырылып, 10 000-нан астам адам бас қоспақ.
Фестиваль Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында өткізіледі. Бұл бастама елдің технологиялық дамуына серпін беріп, жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттауға бағытталған.
«QOSTANAI TECH» осы үрдістің айқын көрінісі ретінде жаңа технологиялар мен инновацияларды бір алаңда тоғыстырады.

Фестивальдің ашылу салтанатын Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өткізеді. TED форматындағы негізгі сессияларда өндіріс, IT және білім беру саласының жетекші сарапшылары сөз сөйлейді.
Келушілерді кіреберісте фестивальдің маскоты – Q-AI трансформері қарсы алып, заманауи технологиялар көрмесіне жетелейді. Интерактивті аймақтарда ақылды өндіріс, автономды жүйелер, цифрлық инфрақұрылым, XR-білім беру, экология, логистика және цифрлық қауіпсіздік бағыттары ұсынылады.
Балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы аймақтарда киберспорт, робототехника, конструкторлық зертханалар мен технополигондар жұмыс істейді. Ал VR/AI аймағында келушілер виртуалды шындық арқылы өндірістік процестерді тәжірибе жүзінде сезіне алады.
Ашық алаңда шеберлік сабақтары, ғылыми тәжірибелер, сұйық азотпен эксперименттер және Тесла шоуы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жетекші өндірушілердің техникалары қойылған көрме де ұсынылады.

Фестиваль аясында өңірдегі ірі өндіріс орындарына индустриялық экскурсиялар өткізіледі.
Бұл бастама жастардың өндіріс саласына қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты бағдарламалау мен жасанды интеллектті меңгеруге ынталандыру, сондай-ақ білім мен еңбекке деген құрметті қалыптастыру.
Фестиваль кешкі сағат 19:00-де Bayansulu қатысатын концертпен қорытындыланады.
Баршаңызды 29 сәуір күні «QOSTANAI TECH» фестиваліне шақырамыз!