ОН ҮШІНШІ СӨЗ
Мирас Әбіл
Лепіріп сөйлеу – романтизм, пафос – биіктік, көз жасы – шеберлік деп қабылданған кезде театрда эмоция емес, эмоцияның декорациясы ғана қалды. Сезімнің шынайылығы емес, сыртқы эффекті маңызды бола бастады. Жанды толқытар шын шеберлік – енді тек көзді жасқа батырумен өлшенетін болды. Ал театрда шынайы эмоция – көздің жасында емес, үнсіздікте де, ішкі дірілде де, иықтағы ауыр тыныста да болатынын ұмыттық.Біз кейде «көрермен жылады» десе – жақсы, «күлді» десе – жетістік деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде көрермен ойланып қалса ше? Ештеңе демей, үнсіз кеткен болса ше? Бұл – әсер болмағаны емес, әсердің ішке кеткені. Театрдың басты мақсаты – әсер қалдыру ғана емес, із қалдыру. Ол із – адамды іштен сілкіндіретін терең толғаныс. Ол – кейде тілмен емес, тылсыммен сезілетін күй.Эмоция – көркем құрал, бірақ ол мақсат емес. Ол ішкі ақиқаттың сыртқы көрінісі ғана. Егер актердің эмоциясы – шындықтан емес, тек рөл талабынан туса, ол көрерменді сендірмейді. Өйткені бүгінгі көрермен – алданғысы келмейтін көрермен. Ол сахнадағы өтірікті, арзан әсерқұмарлықты бірден сезеді. Ал шындық – сезімнің көлемінде емес, тереңдігінде.Себебі сахнадағы ең үлкен драма – адамның өзімен күресі. Ал ол күрес – әрдайым даңғаза емес, көбіне – тылсым. Жанның тылсым қозғалысы. Сол қозғалысты көрсете алған суреткер ғана – көрерменнің жүрегіне жетеді. Ал театрдың мақсаты – дәл сол жүрекке жету.Классикалық образды «биік» етіп көрсету керек деген ұстаным – көп актер мен режиссердің қолын байлап, жанды адамды – мүсінге, тірі сезімді – ескерткішке айналдырды. Біз образды «қасиетті» деп қабылдаймыз да, оны өмірден бөліп, шындықтан алыстатып қоямыз. Осылайша сахнада тірі кейіпкер емес, салтанатты позада қатып қалған бейне пайда болады. Бұл көрерменмен арадағы ең басты көпір – шынайылықты бұзады.Классика – биік тақта емес, тірі адам туралы шығарма.Образды тым “биіктеткенде” біз оны көрерменнен алыстатып аламыз. Ал нағыз өнер – алыстату емес, жақындату. Тіпті Пушкин, Шекспир, Абай сынды тұлғалардың өзі – ең алдымен тірі адам. Олардың образын “түсіріп” емес, “тірілтіп” көрсету керек. Сонда ғана классика – музейдегі жәдігер емес, бүгінмен сөйлесетін тірі өнерге айналады.