Отыз үш жасында облыс басқарған
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, өнертанушы, әдебиет сыншысы Ілияс Омаровты көзі қарақты қауым жақсы білсе керек. Алайда ұлтына адал қызмет еткен біртуар тұлғаның сұрапыл соғыстан кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысын басқарғанын, сол кездері өңірдің экономикасы мен руханият саласына қалдырған жарқын қолтаңбасы жайында жұрттың көбі біле бермеуі мүмкін.
«Обком хатшысы дегеннің қандай болатынын енді ғана көріп отырмыз»
Ілияс Омаров Шығыс Қазақстан облысын екі жылдан астам уақыт басқарды. Нақтырақ айтсақ, 2 жыл, алты ай басшылық жасапты біздің өңірге. 1945 жылдың тамыз айы мен 1947 жылдың 18 қаңтарына дейін. Бұл - Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының дерегі.
Ілияс Омаров небары 33 жасында Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы секілді аса жауапты қызметке тағайындалады. Әрине, әлі ысылмаған, тәжірибесі аз жас жігітке ауқымды облысты басқару, жергілікті жұртпен тіл табысу әуелде оңай болмағаны анық. Оның үстіне соғыстан кейінгі елдің еңсесі езілген қиын уақыт.
Қоғам қайраткері өзінің «Партия жұмысының тәжірибесінен эпизодтар» атты естелігінде облысқа алғаш келген кезі жайында, өңірдегі бір ауданның «Заря Востока» атты колхозына барғандағы іссапары, ондағы жұртпен жүздесуі туралы былай деп жазады:
«1945 жылдың күзі болатын. Күн ашық, шағырмақ. Бірақ жұрт көңілі жабырқау. Еркектердің көбі майданда шейіт болып кеткен. Аман қалғандары әлі де қайтқан жоқ. Дегенмен селоның шағын клубына жұрт толды. Алдыңғы қатарда өңкей әйелдер. Қарт еркектер арт жақта. Бәрі де тұнжырап төмен қарайды. Төраға қысқаша ғана сөз сөйлеп, жағдайды айтты. Өзі де сылбыр сөйлеп еді, жағдайды одан сайын ауырлатып жіберді.
Бір кезде алдыңғы қатарда отырған бір әйел орнынан түрегелді. Бой-басы сымбатты, ажары келіскен әйел екен. Сөзі де қысқа болды. Күйеуі майданда қаза болыпты. Жеті бірдей баласы бар. Үйінде бір апталық қана азық қалыпты. Көзінің жасына булығып аз бөгеліп тұрды да бізге қарап зілдене сөйледі.
-Сендерге турасын айтайын, бастықтар. Өзіме қол салудан басқа амалым қалған жоқ. Шиеттей балаларымды қимаймын. Бірақ обалы сендерге болсын! – деді де орнына отыра кетті.
Мен шыдамадым. Орнымнан түрегеліп, қысқаша ғана сөз айттым.
-Сендердің жағдайларыңды түсінемін. Қазір барлық жерде жағдай ауыр. Соғыстан жаңа ғана шықтық, ес жия алмай жатырмыз. Бірақ кеңес өкіметі сендерді өлтірмейді. Азық-түлік береміз. Келесі жылдың тұқымымен де қамтамасыз етеміз. Ал бірақ осы колхоз құласа, мына село қаңырап бос қалса, оған кім жауапты болады? Бет-беттеріңмен тарап кетсеңдер иесіз қалған атамекен үшін майданда қаза болған жерлестеріңнің аруағы алдында не демексіңдер?- дедім.
Бірнеше минут үзіліс жарияланды. Байқаймын, біраз адамдардың есі кірген тәрізді. Ширақ басып, орындарына келіп жайғасты. Үзілістен кейін жиналыс тағы екі сағатқа созылды. Жұрт енді шаруашылықтағы істің жағдайын қалай дұрыстау жағына көшті. Білгендерін айтып, ақыл қосуға айналды. Басқарма мүшелерін батыра-батыра сынады. Аудан мен облыс атына да бірсыпыра сын айтылды.
Манағы алдымен сөйлеген сымбатты әйел қайтадан түрегелді де енді басшыларға қоятын талаптарын айтты.
-Сіздер біздегі жағдай тәуір болғанда ғана келгішсіздер. Мәселен, сіз, Иван Степанович, - деп ол Горинға қарады (сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы – А.Қ). – Алдыңғы жылы біздің колхозға Қызыл ту тапсыра келгенде бұлбұлдай сайрап едіңіз, содан бері қара көрсеткен жоқсыз. Ал обком хатшысы дегеннің қандай болатынын енді ғана көріп отырмыз, - деп маған қарады. Жиналған жұрт біраз қозғалып қалды».
Осы естеліктің өзінен көп жәйтті аңғаруға болатындай. Өңірдегі осындай қиын жағдайды көзімен көрген жас басшыға шешім қабылдау да оңай емес еді. Алайда Омаров жаспын деп жасқанбай, тәжірибем аз деп тежелмей бірден іске кіріседі.
Шығыстың Щукарь қарты
немесе Ілияс Омаров жергілікті жұртпен қалай тіл табысты?
Ілияс Омаров Шығыс Қазақстанды елдің еңсесі түскен соғыстан кейінгі жылдары басқарса да, елмен бірге еңсесін түсірген жоқ. Керісінше елдің еңсесін көтеріп, жергілікті жұртты жұмысқа жұмылдыра білді. Кейбір басшылардай кербезденіп, кеудесін керген жоқ, тұрғындардың тілегіне құлақ асты. Жұртқа үйретуге емес, үйренуге, ақыл айтуға емес, олардың да ақыл-кеңесін тыңдауға тырысты. Қарапайым жұрттың ақыл-кеңесін жұмыс барысында кәдесіне жаратқан кездері де аз емес.
Ұлы Ғабең (Ғабит Мүсірепов) айтпақшы, беталды сөйлемей детальмен сөйлер болсақ, Ілияс Омаровтың қарапайымдылығын, басшы ретіндегі ерекшелігін көрсететін бір деталь мынадай.
«Аупартком хатшысымен колхоздың егін бригадасына келдік. Құлақшынының бір құлағы төбесіне қайырылған, екінші құлағы жұлынған бір шал күрекпен бидай аударып жатыр екен. Келіп амандастық. Ол бізді кісіге санамай, жұмысын жалғастыра берді.
- Сіз, - деді, - шамасы жаңа келген хатшы емессіз бе? Иә, өзім де солай топшылап едім. Сіз радиодан сөйлеп, егінді орақ, шалғымен шабу керек дегенде сізді бір ақымақ па деп ойлап едім. Бұл күнгі егін даласы жекенің еккен егіні емес қой. Оны қашан қол орақпен шауып аласың? Жоқ, ол далбаса.
Оның артынан 2-3 күн өтіп, сіз радиодан лобогрейкалардың қалқанына киіз қағып, жұмсартып, шауып келе жатқанда егінді шөпше жапырмай, алақанға салғандай құлату жолын ұсындыңыз. Жығылып жатқан егінді қарсы жағынан шығып шабу әдісін кей жерде қолданып жатқанын хабарладыңыз.
Сонда мен:
- Жоқ, бізге келген ақымақ емес, ақылды басшы екен деп сүйсіндім. Иә, балам, жолың болсын!
Аумаған М.Шолохов жазған Щукарь қарт.
Мен ВКП (б) Орталық комитеті пленумы болғанын, ауыл шаруашылығы туралы арнайы қаулы қабылдағанын, колхоз орталығында болатын жиналыста баяндама жасайтынымды айтып, қарттың жиналысқа келуін өтіндім.
- Жоқ, - деді қарт, – мен сауатты адаммын. Қаулымен таныспын. Одақ көлемінде айтылған әңгіме орынды. Ал қазіргі біздің бастықтар мәселені сол қалпында айтып, аяғын ұран тастаумен аяқтайды. Мен ол ұрандарды олардан артық білемін.
Егер баяндамашы сол қаулыны біздің колхоз көлемінде қолданып, нақтыласа, біздің әрқайсымыздың істер ісіміз, алдағы мақсатымыз нақтылана түсер еді. Ондай ақылы бар коммунист басшылар бұл күні жоқ, болатын түрі де байқалмайды. Сіз айыпқа бұйырмаңыз, мен мына қырман басында көбірек пайда келтіремін...
Қарт көп ой салды. Мен колхоз орталығына келіп, баяндамамды нақтылауға кірістім. Бұрынғы баяндамам қарт айтқандай жалпылама болатын. Әбден әбігерге түстім. Менің жоспарлау саласындағы мамандығым көмектесті-ау.
Баяндамам сәтті болды, жиналыс ғажап өтті. «Щукарь қарт» та сайрап берді...» (Ілияс Қозыбаев құрастырған Манаш Қозыбаевтың «Тұлғалар тұғыры» атты мақалалар мен баяндамалар жинағындағы «Соңғы кездесу» атты естелігінен үзінді, 293-292 беттер, «ҚазАқпарат», 2009 жыл).
Көп басшыға ой саларлық, үлгі аларлық мысал. Қайраткерге қажет қасиет. Басшыға тән нағыз қарапайымдылықтың үлгісі осындай-ақ болар.
Қорғасын-мырыш комбинаты қалай құрылды?
Жылжып екі жыл өтеді. Елдің еңсесі аздап болса да көтерілгенімен өңірдің өнеркәсіп саласында қиындықтар бар болатын. Әсіресе, Өскемендегі мырыш заводының (бұл – бүгінгі Өскемендегі «Қазцинк» зауыты – А.Қ) құрылысы сағызша созылып, аяқталмай жатқан кез еді. Сондай күндердің бірінде Ілияс Омаров бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сөйлеу науқанына қатысу мақсатымен аталған заводтағы коммунистердің жиналысына барады. Осы жиында завод құрылысының ақсап жатуына байланысты облыс басшылығына қатты сын айтылады.
Қол қусырып, қарап отыратын уақыт емес. Ілияс Омаров бірден зауыттың жағдайын сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке баяндап, одақтың жоғары кеңесінің сессиясында өзіне сөз сөйлеуге мүмкіндік берілуін сұрайды. Шаяхметов Омаровтың тілегін жерде қалдырмай, сессияда сөз сөйлеуге мүмкіндік береді.
Бұл туралы Жұмағали Ысмағұлов пен Сарбас Ақтаев бірлесе жазған «Ілияс Омаров» атты ғұмырнамалық деректі хикаятта былайша баяндалады:
«Кенді Алтайдың есепсіз мол табиғат байлықтары жөнінде Ілияс Омаровтың көсіліп бір сөйлегені, КСРО Жоғарғы кеңесі сессиясының биік мінбесінен жарқырай көрінгені сол жылы болатын. Оның сөзі Кремльдің үлкен залынан бүкіл Одақ көлеміне жаңғырып естілгендей болып еді. Онда айтылған сын одақтық мекемелердің шымбайына да батқан болуы керек, сессия біткен күннің ертеңіне ол Шаяхметовпен бірге СОКП Орталық комитетінің Ауыр өнеркәсіп бөліміне шақырылды. Облыстағы түсті металлургия өнеркәсібі нысандары мен Ертіс су электр станциясының құрылыс жөнінде арнайы кеңес өткізілді.
Кеңестің нәтижесі бойынша одақтың Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылысы, Түсті металлургия өнеркәсібі, электр станцияларын электрлендіру министрліктерінің жауапты қызметкерлері Шығыс Қазақстанға ағылып келе бастады. Ақырында мырыш зауыты тез арада салынып бітті де, жұмыс істеп тұрған қорғасын зауытымен біріктіріліп, атақты Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына айналдырылды». Бүгінде облысымызға, елімізге ғана емес, жарты әлемге әйгілі «Қазцинк» зауытының осындай тарихы бар.
Білікті кадрдің қадірін білген қайраткер
Ерекше атап өтер жәйт, Ілияс Омаров бірінші хатшы қызметін атқарған кезде жергілікті жердегі көрінбей жүрген, бірақ қызметіне адал, өз ісін жетік білетін кадрларға ерекше назар аударады. Оларды арнайы іздеп, тауып, қызметке шақырып, қолдау көрсетеді. Жоғарыда аталған деректі хикаят авторларының жазуынша, Ілияс Омаров сол кездері Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеті хатшысының түсті металлургия мәселелері жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын Ахмет Әділовтің кеңесімен Константин Севенард есімді су электр станциялары құрылысының инженері мен Шығыстың адамдары сыртынан «Алтайдың Сәтбаевы» деп атап кеткен Жарқын Айталиев есімді кен инженерін арнайы қабылдап, қызметке шақырады. Көп уақыт өтпей, Омаров Севенардты мырыш зауытының құрылысын басқаруға жібереді. Нәтижесінде көптен бері құрылысы шабандап келе жатқан зауыт тез арада іске қосылады. Ал Жарқын Айталиев болса, Кенді Алтайдың қойнауында қанша байлықтың жатқанын бес саусағындай білетін білікті маман болатын. Омаров Айталиевпен кездескеннен кейін өнеркәсіп мәселелеріне қатысты обком пленумын өткізу жөнінде шешім қабылдайды. Және бұл пленум одақ көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, нәтижесінде Шығыс Қазақстанның өнеркәсібін дамытуға Одақ көлеміндегі мүмкіндіктер жұмылдырылып, облысқа Одақ деңгейінде назар аударылады.
Қоғам қайраткерінің кадр таңдаудағы, кадр танудағы ғажап қасиеті жайында Социалистік Еңбек Ері, әйгілі атбегі, Шығыстың абыз қариясы Бошай Кітапбаев ағамыз ағынан жарыла әңгімелеп еді.
- Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінде Александр Изачик деген кісі ұзақ жылдар жұмыс істеді. Ілияс Омаров Шығысқа қызметке келгенде біреулер ол кісіге «Изачик деген мықты жігіт бар» деп айтқан болуы керек. Ілияс арнайы барып, танысып, оны колхозда жүрген жерінен облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметіне тағайындады. Кейін сол Изачик 30 жылға жуық облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Жомарт Адамов, Хайдар Арыстанбеков, Өтешқали Атамбаев секілді азаматтар сол кездері біздің облыста осы комитеттің төрағалары болды. Сол кісілердің «Облысты басқаруды Изачиктен үйрендік» деп айтқанын талай мәрте естідім. Біздің облыста 15 жылға жуық облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Александр Протозановтың өзі әуелде оған сөгіс беріп, кейін облысты қалай басқаруды Изачиктен үйренді.
Ілияс Омаров облысқа басшылық еткен тұста жүзеге асқан тағы бір ауқымды жұмыстың бірі – Зайсан ауданындағы Кендірлік өзеніне тоғанның салынуы. Бұл тоғанның салынуына Ілияс Омаровтың 1945 жылдың күзінде Зайсан ауданына жасаған алғашқы іссапары себеп болады. Осы жұмыс сапары кезінде бірінші хатшыға аудандық партия комитетінде бас қосқан жиында сол уақытта Зайсан аудандық жоспарлау бөлімінде қызмет атқаратын Бошай Кітапбаев:
-Зайсан ойпатының шұрайлы жері дұрыс пайдаланылмай келеді. Егер осы ауданды басып өтетін Кендірлік өзенін бөгеп, тоған тұрғызса жылғалап бүкіл аудан жерін сумен қамтамасыз етуге болар еді. Сонда бұл өңірде өзімізге таныс дәнді-дақылдарды ғана емес, күріш егуге де, тіпті, жүзім өсіруге де болар еді» деген ұсыныс айтады.
Кез келген дүниеге ұсақ-түйек деп қарамай мұқият мән беретін Ілекең бұл ұсынысты жерде қалдырмай, бірден іліп әкетіп жүзеге асыруға кіріседі. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Дінмұхамед Қонаевқа арнайы кіріп, осы мәселені алға тартады. Нәтижесінде бұл мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, тиісінше қаржы бөлініп, биік таудан бастау алып, сарқырап жатқан Кендірлік өзеніне тоған салынады.
Тақырыпқа тұздық
Айтқырлық пен тапқырлықта алдына жан салмайтын Сағалбай Жанбаевтың өзі Ілекеңе қарсы уәж айта алмай, үнсіз құтылады екен. Ілекеңнің Шығыс Қазақстанда обкомның бірінші хатшысы болып жүрген кезі болса керек. Алматыға Орталық комитеттің пленумына келіпті. Мәжіліс арасындағы үзілісте Мұзафар Дайыров, Сағалбай Жанбаев, Ізмұқан Еділбаев, Әмір Қанапин сияқты достары қаумалап: «Алтай жақта егін қалай?» деп сұрамай ма?
- О, егіннің несін айтасың, әуелі Мұзафардың бойындай сорайып шығып еді, күн ыстық болып Әмірдің бойындай тырбиып қалды, қазір Сағалбайдың басындай әр жерде бір талы ғана бар» депті Ілияс. Тұрғандардың бәрі ду күліп, мәз болыпты.
(Ж.Ысмағұлов пен С.Ақтаев құрастырған «Ілияс Омаров» атты ғұмырнамалық деректі хикаяттан үзінді, 213 бет)
«Алтай» әні ең алғаш Өскеменде шырқалды
Ілияс Омаров Шығыс Қазақстанға басшылық еткен тұстағы өңіріміздегі, өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі мәдени оқиға ретінде қазақтың күміс көмей әншісі Жамал Омарова орындаған әйгілі «Алтай» әнінің дүниеге келуін айтуға болады. Бәріміз білетін «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» дейтін әзіл-шыны аралас тіркес осы әнге қатысты айтылған.
Ілияс Омаров жөнінде «Жомарт жүрек» атты деректі повесть жазған жазушы Жайсаңбек Молдағалиев аталған еңбегінде «Алтай» әнінің туу тарихы, Жамал Омарованың Өскеменге келуі жайында кеңінен баяндайды. Автор бұл кітабында Ілияс Омаровтың белгілі композитор Евгений Брусиловскиймен бұрыннан таныс-біліс, дос екенін және сазгерден Өскеменнің өнеркәсіптегі, басқа да шаруашылықтағы табыстары жайында ән шығарып беруін өтінгенін жаза келе: «-Ілияс Омарович, менің әнім әзір, тек тексін ойластыр, - деді ол, сол жақта біздің Жамал Омарова концерт қойып жүр. Нотаны самолетпен жібердім. Тыңдап көр де, дереу пікіріңді айт. Бұл – мелодиясы, гармониясын сөзі табылысымен әзір қыламын, - деді композитор» деп Брусиловскийдің Ілияс Омаровқа телефон соққан сәтіндегі сөзін келтіреді. Және Шығыс Қазақстанның шеткі бір ауданында концерт қойып жүрген Жамал Омарованың «мына бораннан құтқара көріңіз» деп Ілияс Омаровқа телеграмма жолдағанын, ол жаққа көлік бара алмайтын болған соң Ілекеңнің кәдімгі локомотивтің өзін арнайы жібергенін және дәл сол уақытта Өскеменге әннің сөзін жазу үшін ақын Нығымет Баймұхамбетовтың бірінші хатшының үйіне арнайы келгенін жазады автор.
Содан не керек, локомотивпен Өскеменге жеткен әнші қалалық Мәдениет үйінде үлкен концерт береді. Міне, әйгілі «Алтай» әні осы кеште тұңғыш рет шырқалады.
Белгілі өнертанушы, сазгер Илья Жақанов «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай» атты эссе-элегиясында («Егемен Қазақстан», 29 қараша, 2010 жыл) Жамал Омарованың 1943 жылы жаз айында Шығыс Қазақстанға гастрольдік сапармен келіп, бір ай бойы Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарын армансыз аралап, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленгенін және әншінің осы сапардан оралғаннан кейін жаңа әнге әуен мен сөз жаздыру үшін Брусиловский мен Баймұхамедовке тоқталғанын жазады. Әнші Жамал Омарованы Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ілияс Омаровтың Алтай жаққа арнайы шақырғаны туралы да осы эссе-элегияда айтылады. Бір ғана түсініксіз тұс бар. Илья Жақанов Жамал Омарованың Шығыс Қазақстанға 1943 жылы келгенін жазады. Шындығында, бұл уақытта Ілияс Омаров басқа қызметте болатын. Анығын айтсақ, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы емес, Қазақ КСР Сауда халық комиссариатында жауапты қызмет атқарып жүрген-ді. Дегенмен бір нәрсе анық. Ол – Жамал Омарованың Ілияс Омаров Шығыс Қазақстанға басшылық еткен тұста өңірімізге келгендігі. Мұны жоғарыда мысалға келтірген қос автордың естеліктерінен де анық байқаймыз.
Кабинетінің төріне Темірбек Жүргеновтің портретін іліп қойған министр
«Барған орыны оны емес, барған орынды өзі көркейтетін» (Ғабит Мүсірепов) білікті басшының Шығыс Қазақстандағы екі жарым жылдық жемісті қызметі ескерусіз қалған жоқ. Ілияс Омаров бұдан кейін лауазымы жоғарылап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті де мүлтіксіз атқарады. Осы қызметте жүргенде, нақтырақ айтсақ, 1949 жылы жарық көрген “Қазақ КСР тарихының” толықтырылған 2-басылымына жауапты редакторлық етіп, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайындағы ақиқаттың айтылуына, Қ.Жұмалиевтің Исатай мен Махамбет жөніндегі материалдарын бастыруына ұйытқы болады. Осы үшін қоғам қайраткеріне “ұлтшылдарды қолдаушы” деген айып тағылып, көп уақыт өтпей қызметінен босатылады.
Бұдан кейін екі-үш жыл көлемінде биліктен шеттетіліп, одан соң Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы, “Қазақфильм” киностудиясының директоры, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының кеңесшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, Қазақ КСР Мәдениет министрі секілді қызметтерді абыроймен атқарады.
Міне, осы қызметтерді атқарып жүрген кезде Ілекең Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория, «Гүлдер» эстрадалық ансамблі, бүгінгі Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің құрылуына, Алматыдағы әйгілі «Медеу» спорт кешені, Республика сарайы мен Қазақ циркінің іргетасының қалануына және атақты «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуіне мұрындық болады.
Білікті басшы ғана емес, білгір әдебиетші, көрнекті өнертанушы ретінде дараланған Ілекеңнің қазақтың ақын-жазушылары, өнер мен мәдениет қайраткерлеріне көрсеткен қамқорлығы өз алдына бір бөлек әңгіменің өзегі.
Алматыда үйсіз-күйсіз жадап-жұдап жүргенде «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» деп ашынып жыр жазған ақын Қасым Аманжоловқа пәтер алып беруге Ілияс Омаровтың жәрдемдескенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ақын қоғам қайраткерінің алдына келгенде Ілекең Алматы қалалық кеңесінің төрағасы Хафиз Айбасовқа телефон соғып, «Хафиз, саған Аманжоловтың пәтері туралы өткен айда айтып едім ғой. Бір аптаның ішінде ақынға үй беретін бол. Сен екеуміз осылардың тілегін орындау үшін уақытша отырған адамдармыз, бұлар мәңгілік қалады» дегенде Қасым көз жасына ие бола алмай, жылап жіберіпті деседі. Бұл туралы қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленов өзінің естелігінде жазады.
Ілекең 1967 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрі қызметіне тағайындалады. Сол күні кабинетінің төріне Темірбек Жүргеновтің портретін іліп қояды. Оны алғаш құттықтай келген атақты әртіс Қанабек Байсейітов әлгі суретке көзі түсіп:
-Ілеке, мынаны қалай түсінуге болады? – дегенде: «-Е, Қанеке! Менің министр, сіздің халық артисі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Біздің қазақ өнеріне Темірбек Жүргеновтен кейін қосқанымыз шамалы, - деген екен Ілияс. Алаш қайраткерлері туралы ауыз ашуға болмайтын қылышынан қан тамған кеңестік тар кезеңде кабинетінің төріне әлі ақталмаған Темірбек Жүргеновтің портретін ілуін ерлік демей көріңіз. Айтпақшы, осы портретті кабинетіне іліп қойғаны үшін Ілекеңнің үстінен арыз түсіргендер де болыпты.
Көзі тірісінде-ақ зор білімімен, кесек қайраткерлігімен, биік парасаттылығымен замандастарының құрметіне бөленіп, аты аңызға айналған тұлға 1970 жылы Мәдениет министрі қызметін атқарып жүрген шағында, 58 жасында меңдеген ауыр дерттен көз жұмады. Ұлтын сүйген ұлы жүрек осылайша мәңгіге тыным табады.
Алтайға келгенде
Ми толып, ақыл пісіп, ойым кеңіп,
Қалғандай ескі жұртта жастық желік.
Алқапты Алатаудың саласынан,
Алтайдың құшағына келдім кіріп.
Алтайдың тауларына зәулім биік,
Халқымның қарқ болды қолы тиіп.
Алтайдың алтын тамған қарт емшегі,
Еміреніп қоя берді нардай иіп.
1945 жыл.
(Ілияс Омаровтың Шығыс Қазақстан облысын басқарып жүрген кезде жазған өлеңі – А.Қ)
Керек дерек
Ілияс Омаров 1912 жылы бұрынғы Торғай губерниясы Қостанай уезінің Обаған ауылына қарасты №12 ауылда (қазіргі Қостанай облысы, Урицкий ауданының Қараоба ауылдық кеңесі) дүниеге келген. 1941–1945 жылдары Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары, Қазақ КСР-і Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, 1945–1947 жылдары Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, 1947–1952 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, 1955–1959 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы, 1959–1961 жылдары “Қазақфильм” киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының кеңесшісі, 1961 – 1967 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, 1967–1970 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрі қызметтерін атқарды.
Азамат Қасым