Малайзиядағы Борнео аралында свай үстіндегі тұтас қала өртеніп кетті
Малайзияның Борнео аралында су үстіндегі тұрғын аудан өртеніп, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Ірі өрттен кемінде 1000 үй жойылды.
Малайзияның Борнео аралындағы жағалауда орналасқан свай үстіндегі қоныста ірі өрт шығып, кемінде 1000 үй жанып кетті, деп хабарлайды Jarialike.kz халықаралық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Оқиға Борнео аралының Малайзияға тиесілі бөлігіндегі Сандакан ауданы маңында болған. Өрт жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні таңертең басталған. Қатты желдің әсерінен жалын су үстіне салынған ағаш үйлерге өте жылдам тараған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апат салдарынан 9 мыңнан астам адам баспанасыз қалған. Қазіргі уақытта зардап шеккендер уақытша эвакуациялық орталықтарға орналастырылған.
Құтқарушылардың айтуынша, өртті сөндіру жұмыстары тығыз орналасқан үйлер мен тез тұтанатын құрылыс материалдарының кесірінен күрделене түскен. Сонымен қатар, су үстіндегі үйлерге жету де қиын болған.
Жергілікті билік өкілдерінің болжамынша, өрт асүйдегі оттан басталуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим федералдық және жергілікті билік органдары зардап шеккен тұрғындарға жедел көмек көрсету жұмыстарын үйлестіріп жатқанын мәлімдеді.
Бұл өңір Малайзиядағы әлеуметтік жағдайы төмен аймақтардың бірі саналады. Мұндағы көптеген үйлер рұқсатсыз, құрылыс қалдықтарынан және ағаш сынықтарынан тұрғызылған.