Мемлекет басшысы Киевте болған қастандық әрекетке қатысты мәлімдеме жасап, шетелдегі қазақстандық азаматтың хұқығы қорғалуына және жедел іздестіру мен тергеу жұмысына барынша жағдай жасалуын өзі бақылауға алғанын мәлімдеді.
Журналист ретінде мені ел Президентінің оқиғаға бірден көңіл бөліп, ең жоғары деңгейде бақылау жасауы қуантады.
Ия, журналист кәсібі қашанда аса қауіпті мамандықтар санатында екенін көпшілік біледі. Және дәл журналистерді әртүрлі сыртқы-ішкі саяси-қаржылық топтар әртүрлі мақсаттарда пайдаланып жататыны бесенеден белгілі.
Соңғы жылдары елімізде демократиялық үлкен оң өзгерістер мен заңның үстемдігіне, Конституцияның нормалары мен қағидаттарына баса назар аудару тек қағаз емес, нақты іс жүзінде жүзеге аса бастағанын көзі қарақты, көкірегі ояу көпшілік біледі. Түйсінеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық-құқықтық қағидаттарының жақтаушысы екенін өзіміз де, өзгелер де көріп отыр.
Қатыгездік пен қастандық қазіргі Қазақстан билігі үшін жанаспайды. Тіпті оның қажеттігілігі мен пайдасы жоқ деп ойламаймын. Күні кеше Мемлекет басшысы қол қойған “Масс-медиа” туралы Заң керісінше, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы мен биліктің ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктерді барынша қамтып отыр.
Ендеше, Қазақстанның мемлекеттік билігі жүйесінде жүріп жатқан оң трансформацияны көре алмай, елдің беделін түсіруге тырысатындар үшін Қазақстанды кінәлі ету тиімді.
Журналист ретінде, ақпарат айдынындағы, әлеуметтік желідегі ой-пікірлерді қарап жүремін.
«Бәсе» ютуб бағдарламасын мезгіл-мезгіл көретінімді жасырмаймын. Қазақстан ондай арналарға тыйым салған емес. Рас, журналистік ақпарат беру тәсілдері қызықты болса да, кей кездері белгілі бір мүдделер тапсырмасына орай жасалатын материалдардың “құлағы” едірейіп тұратыны бар. Мен кейбір нәрселермен кейде келісемін, кейде келіспеймін, бірақ демократиялық қоғамда алуан түрлі пікірлердің болуы керек деп есептеймін. Бүгінде “билікті сынау монополиясы” тек әлеуметтік желіге, түрлі ютуб арналар еншісінде емес. Қазір дәстүрлі медиада да, тіпті Парламент мінберінен де сын күнара айтылып жатыр. Және құрғақ сын емес, нақты ұсыныстар мен мәселелерді шешу жолдары да айтылатыны бар.
Қазіргі аудиторияның саяси сауаттылығы артқан сайын ақпараттық талғам да өзгеруі - заңдылық. Сондықтан байбаламы көп ютуб арналар аудиториясы сиреуі де заңдылық.
Мұны айтып отыруымның негізгі себебі - бәз біреулер байбалам салып, мемлекеттік билікке күйесін жаққысы келуі мүлде миға қонымсыз жәйт.
Бір ұлт - бір мүдде жолындағы Қазақстанның салмақты ұстанымы кейбіреулерге ұнамайды. Елге қысым жасап, ұлттық мүддеден ауытқуға мәжбүрлеу әрекеттері әлі де жалғасуы да ықтимал. “Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында”деген халқымыз. Азаматтарымыздың қазіргі уақытта өте сенімді бейне және аудионы жасауға мүмкіндік беретін манипуляциялық технологияларға берілмеуі де аса маңызды.
Ал, журналист Айдос Садықов Қазақстан азаматы болғандықтан Конституцияның 18-бабына сәйкес – «Республика өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді» және де Украинаның еліміздің құқық қорғау органдарына көмек көрсетіп жатқанына ризашылық білдіреміз.
Бастысы, жерлесіміздің денсаулығы тезірек оңалуын тілейміз.
Ал, тергеу аяқталғанша, асығыс қорытынды жасамау бәріміз үшін маңызды.