Әлеумет

Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы ұсталды

Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы Бактыбек Исаев қызметтік тексеру нәтижесінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы Бактыбек Исаев ұсталды, деп хабарлайды Jarialike.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ІІМ жүргізген жоспарлы қызметтік тексеру барысында Атырау қаласы полиция басқармасы басшысының тарапынан заңға қайшы әрекеттер фактілері анықталған. Соған байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ресми ақпаратқа сәйкес, ол ішкі істер органдарынан теріс негіздер бойынша қызметінен босатылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

ІІМ бұл шешімдер заңдылық пен қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ лауазымына қарамастан жауапкершіліктің бұлтартпастығын сақтау қағидаты аясында қабылданғанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері қызметінен шеттетілген болатын. Олардың қатарында қалалық полиция басқармасының бастығы, ішкі қауіпсіздік басқармасының және есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жетекшілері де бар.