Күн-Жария

Бес жасар қызды  2001 жылғы жігіт зорлағаны айтылды  

Арыс қаласында ер адам 5 жасар қызды зорлады деп айыпталып жатыр. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар полиция келгенге дейін күдіктіні өз беттерінше жазалап, бейнежазбаны әлеуметтік желілерге жариялаған. Бұл туралы  Jarialike.kz  ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Куәгерлердің айтуынша, жәбірленушінің әкесі көлікті жөндеп жатқан. Сол уақытта қаскөй подъездің үшінші қабатында балаға шабуыл жасаған дейді.

"Сұмдық оқиға күндіз болған дейді. Содан кейін қыз әкесіне жүгіріп барып, болған жағдайды айтып берген. Барлығы аң-таң, сене алар емес. Бұл жігіт болған оқиғадан кейін дүкенге барып, сол жерден сыра сатып алыпты. Ішімдік ішіп, темекі шегіп, ештеңе болмағандай отырды. Мұның психикалық ауытқуы бар шығар деп ойлаймыз. Полицейлер тез келді. Әйтпесе оны осында жиналған ер адамдар өлтірер еді. Олар оны соққыға жықты", – дейді Арыс тұрғыны Айгүл Ишанова.

Көршілер бұл жағдайдан кейін шошып қалған. Көбісі балаларды аулаға жіберуден қорқуда. 

"Мен үшін алаңдатарлық жағдай, өйткені төрт баланы тәрбиелеп отырмын. Біз бұл жігітті күнде көретінбіз, ол осында жүретін, одан еш күдіктенбедік. Бұл жігіт келіп, ісінмойындап, кешірім сұрады дейді. Маған жын кірді деп те айтқан. Жәбірленуші өте кішкентай қыз, ал педофил шамамен 2001 жылы туған", – дейді арыстық Гүлдана Исалиева.

Құқық қорғау органдары күдікті ұсталғанын айтты. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғады. 

"Бұл факт 121-баптың 4-бөлігі "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша тіркелген. Күдікті қамауға алынды. Тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі өзге де ақпарат 201-бапқа сәйкес жария етілуге жатпайды. Сонымен қатар, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз", – деді Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қуатов.

Желіде  қыздың көмейіне зақым келіп, ол реанимацияға түскені туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты құқық қорғау органдары жоққа шығарды және сараптаманың қорытындысы бойынша ешқандай дене жарақаты табылмағанын айтты. Қазір қызбен психологтар жұмыс істеуде. Полицейлердің айтуынша, бала ата-анасымен бірге үйде.