Күн-Жария

Екіқабат әйеліне жас сорпа ішкізгенге мәз.

Қолтық ұстасқалы ұйқысы қашып кетті.

Таң атқанша әлденеше тұрып, жағаға барады. Жаңа ұстасқан жағалаудың мұзын теуіп, ертең өздері көп кісі боп шыққанда көтере ме, жоқ па, байқап көреді. Кеше де күн батар алдында теңіз жаққа көз салып еді; қара қатқан суың күшке мініп қылшылдап тұр екен. Еламан әбден қас қарайғанша тұрды. Ай туған жоқ. О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін аспанға шоқтай маздаған жұлдыздарды әлдекім быжынатып шашып жібергендей. «Ертең күн шағырмақ, ашық болар», — деді Еламан. Ертеңіне бұл тіпті ерте оянды. Түнімен тырп етпей шыққан Ақбаланың ұйқысын бұзғысы келмеді де, төсектен ақырын түсті. Үй ішінде де сыбдырсыз ақырын қозғалып, кеше жатар алдында пешке жайған киімдерін киді. Күндегі әдетпен бүгін де түннен қалған бірдеңені талғажау етті де, Ақбала екеуі «жылауық неме» деп ат қойған жаман есікті сықырлатпай ақырын ашып, сыртқа шықты. Есіктен шығып бара жатып бұрылып артына қарап еді, Ақбала оянбапты, жаңа өзі қымтап кеткен көрпе астында қол-аяғын бауырына алып, тып-тыныш жатыр екен. Бүкіл ауылда бұнан басқа бір жан оянбапты.

Еламан теңізге тартты. Түнде жел тұрған ба, таяуда жауған үлпілдек қардың бет жағы борап, жағалаудың мұзы қайсыбір жерлерде кәдімгідей жалаңаштанып, ар жағы көктайғақтанып ырсиып қапты. Сонан бұл аң қар, көк мұз үстінде күні бойы жалғыз. Мұз ояды. Ау қарайды. Теңізге шыққанда, сірә да, маңындағы кісі-қараның бар-жоғын байқамайтын. Төбеде көк аспан. Табан асты көк теңіз. Екі дүние арасында жабырқау ойды жанына серік қып, күні бойы күйбеңдеп жүріп өмір жөнінде ойлайды. Өзі жөнінде ойлайды. Өзінің теңіз үстінде ғана емес, өмірде де жалғыз екенін ойлайды. Әке-шешеден ерте айрылды. Әкесімен бірге туған ағасы — Есбол бұл арадан бір күншілік жерде тұрады. Баласыз, жалғыз жетім шалдан қайыр шамалы. Ендігі жанашырдан-немере іні — Рай. Бірақ ол жас. Өзі сияқты о да әке-шешеден жастай жетім қалды. Қазір қарт әжесі екеуі өз алдына түтін түтетіп отыр.

Еламан күрсінді. Аяғы астында жатқан бір-екі балықты етігінің тұмсығымен теуіп, өзінен әрегірек ысырып тастады да, аудың арқалығын ұстады. Қас қараймай тұрғанда, үйге тезірек жеткісі кеп еді; бірақ жалғыз кісіге ой үйір келе ме, күтпеген жерден қайын атасы есіне түсті. Тікбақай тентек шал ел ішіне сыйымсыз. Отбасына да мазасыз. Сыртына зәр жиып, жыландай ысқырып отырғасын, ол барда үй іші қай жағынан шығамыз деп қыпылдап отырғаны. Еламанды «балықшы» деп атап, бұған айтқан қай сөзді де әзілге шаптырып осқырынып отырады. Оған бұл үйренген. Кеше де қатынаған біреуден «балықшыға сәлем айт, ауыз ашқасын барам», — деп хабар жіберіпті.

Бұған Ақбала қатты қуанды. Қыз дәурені қырда өткен Ақбала теңіз өңірінің тірлігіне үйрене алмады. Жаз аптап, ыстық. Маса. Сона. Балық сасыған ауа да бұған жат. Балықшы жігіттің босағасын аттаған күннен бастап сыртқа шықпай, үйге тығылып алды. Ауыл-үйдің арасында ала көз, күңкіл көбейді: «Жабайы», — деді. «Тәкаппар», «менмен» деді. Балықшы ауылға келін боп түскесін де оның қыз кездегі сәні мен салтанатын тастамай, үйде де, түзде де үсті-басы үлпілдеп киінгенін күндеп, әсіресе үйі іргелес отырған Қарақатын «тұтақ» деп ернін шығарар еді: «Тұтақ! Адыра қал! Күнде қыз болғанда бұл ауылда кімнің көзіне түсем дейді екен?»