СЕГІЗІНШІ СӨЗ
МИРАС ӘБІЛ
Біздің жұрт өнер адамын, қалам иесін, сахна саңлағын атай қалса, алдына міндетті түрде бір «жоғары атау» қосып сөйлейді. Мәселен, «талантты ақын», «белгілі актер», «көрнекті жазушы», «шоқтығы биік композитор», «дара дарын» деген секілді. Бұлар сырт қарағанда — құрметтің, қошеметтің белгісі. Бірақ осы сөздердің көбейіп, мағынасы сұйылып, сән үшін ғана айтылып жүргенін аңдаған жан бар ма екен?
Кейде осындай теңеулер — адамның шын кәсіби бағасына тосқауыл болады. Өнер иесінің атына таңылған атау — оны сыннан биік қоятындай. Айталық, сахнадағы актерге немесе қаламгердің шығармасына көңіл толмаса, бірден: «Әй, ол белгілі ғой!» — деп тосып тастайды. Осы сөзбен-ақ кез келген пікірді, сұрақты, тіпті шын ниетпен айтылған сыни көзқарасты да жоққа шығарып тастайды. Бұл — өнер үшін қауіпті жол. Себебі, белгілі болу — мінсіз болу емес. Танымал болу — қателеспеу кепілі емес.
Өнерде «болдым» деу — тоқыраудың басы. Ал біз «болып қойған» адамға «бітті» деп қарап, оған енді ештеңе де айтуға болмайтындай дәрежеде құрмет көрсетеміз. Бірақ шын өнер иесі үшін құрмет — сұрақ қоюмен, пікір білдірумен, ізденісін бағалаумен көрінуі керек. Қолпаштаумен емес.
Атақ пен дәрежені алдыңа салып сөйлеу — адамның өз ойы жоқ екенін білдіреді. Біреудің беделімен ғана сөйлейтін кісі — шындықты емес, ықыласты қорғап отыр. Ал өнер шындығы — ықыласқа емес, ізденіске сүйенеді.
Өнер адамы – өмір бойы шәкірт болу керек. Себебі өнер – шегі жоқ жол. Бүгінгі білімің — ертеңгі ізденіске аз. Бүгінгі жетістігің – ертеңгі сұраққа жауап емес. Өнер адамы – үйренуді ар көрмеу керек. Әйтпесе, танымалдық — тоқмейілдікке, құрмет — кердеңдікке, шеберлік — шеңберге айналып кетуі мүмкін.
Сондықтан өнер иесі қай кезде де өзіне сын көзбен қарай алуы керек. Өзгенің пікірі мен ойына ашық болуы керек. «Белгілі адам» емес, «білімге құштар адам» болуға ұмтылуы керек. Өйткені өнер – мәреге жету емес, мәңгілік сапар.
Өнер иесі – өмір бойы шәкірт. Осыны ұққан жан ғана шын өнерге адал бола алады.