Астаналық оқушы жүк пойызының төбесінен құлап кетті
Ақмола облысында екі жасөспірім жүк пойызына мініп, қауіпті әрекетке барған. Олардың бірі құлап, ауыр жарақат алды.
Ақмола облысында Астанадан келген екі оқушы жүк пойызына мініп, вагоннан вагонға секіріп ойнаған. Бұл қауіпті «ойын» олардың өміріне қауіп төндірді, деп хабарлайды Jarialike.kz Nayza Kokshe-ге сілтеме жасап.
Оқиға 11 сәуір күні Целиноград ауданындағы Жайнақ станциясында, «Астана – Атбасар» бағытында болған. Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жүк пойызының машинисі вагон ішінде бөгде адамдарды байқап, шұғыл түрде тоқтауға мәжбүр болған.
Ол бірден Жайнақ станциясының кезекшісіне және көліктегі полиция бөлімшесіне хабар берген.
Оқиға орнына келген полицейлер 14 және 16 жастағы екі жасөспірімді анықтады. Олар вагонға жабысып, заңсыз түрде жол жүруге әрекеттенген.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдерді пойыздан түсірмек болған кезде, олардың бірі қашпақ болып, пойыз төбесінен құлап кеткен. Соның салдарынан ол бұғана сүйегін сындырып алды. Екінші жасөспірім аяқтан жеңіл жарақат алған.
Жарақат алған бала ауруханаға жеткізілді, ал екіншісі ата-анасына тапсырылды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда: жасөспірімдердің пойыз төбесіне қалай шыққаны және сол сәтте пойыздың қозғалып тұрған-тұрмағаны тексерілуде.
Полиция мұндай әрекеттердің өмірге аса қауіпті екенін және ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Теміржол көлігінде «зацепинг» жасау әрекеттері қатаң бақылауда және мұндай құқықбұзушылықтар тоқтатылатын болады.
Жасөспірімдердің ата-аналары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені және теміржолдағы тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.