Күн-Жария

Жазушы «...тағы қарасам, тағы да өзгерістер енгізетін тәріздімін» дегенді осыдан он бір жыл бұрын айтқан екен.

Көптеген шетел тілдеріне аударылған бұл шығарма – қазақ романының классикалық  үлгілерінің  бірі  екені  даусыз. 

«Друзья мои! Чтобы живо чувствовать в с ю   д е р з о с т ь   ч е л о в е ч е с к о г о    д у х а, надобно  быть в открытом море,  где одна тонкая   дощечка, как говорит  Виланд, отделяет нас от блаженной  смерти»

Карамзин. «Остров Борнгольм».

 

– Бетім-ай!.. Масқара-ай!.. Тырыли арық Қарақатын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді. Құшағындағы отынды аласа қазандықтың жанына аудара тастады. Салпы етек бөз көйлектің бір шалғайын жоғары көтеріп ышқырлығына қыстыра салды да, қызыл қарын жас немересін алдына алып ыңылдап отырған қайын ененің қасына қол таяна тізе бүкті. Жерқазбаның терезесі дәл төбесінде; оған шелін алған шыңылтыр қой қарнын тұтқанды; батып бара жатқан күннің соңғы сәулесі қой қарнынан өлеусіреп қана түсіп тұр. Үй іші күңгірт. Қарт ананың жүзі көрінбейді. Тек қақырадай биік ақ жаулығы бозғылданады.– Ене-ау, не есіткенің бар? Әлгі Қаратаздың... қойлы таздың інісі бар емес пе? Тәңірберген деген сері інісі бар еді ғой – деп, Қарақатын енесіне қарай тағы бір ысырылып отырды. Сонан әрі бейуақ кешті біртүрлі құпиялы сырға бөлеп, ерні сүйреңдеп сыбырлай сөйледі. – Не басыңды ауыртайын сенің. Сол сері жігіт кеп, Еламанның үйіне түсті. Аты қара тер. Қанжығасында бір қоян, бір түлкісі бар. Қояны ақ тушадай-ау, ақ тушадай! Ақбала сыртқа шығып, сері жігітті аттан түсірді. Ал екеуінің қалай көріскенін көрсең... Масқара-ай!.. Бетім-ай! О, жүзіқара! О, қарабет!.. Қалың киімді біреу жерқазбаның аласа есігіне сыймай, үсті-басы сықырлап кіріп келе жатты. Қарақатын тезірек от жағып жібермек болды. Оттық іздеп жанталасып жүріп, жолда тұрған қара құманды қағып кетті. Онан шелекке, легенге сүрініп, үй іші даңғыр-дұңғыр болды да қалды.– О, көк тігілгір! О, қара байланғыр! Есіз қалғырдың мүлкі, түге. Тап жаңа ғана тап-тұйнақтай ғып, орынорнына жинап қойып едім. Баласы құрғырлар-ау жүретін жолға қойған. Үй иесі үнсіз. Осының бәрін күнде-күнде көріп, есітіп жүргесін әбден еті өліп кеткен. От басының берекесіз ластығына, қатынының салақтығы мен шаңқылдаған ащы даусына да үйренген-ді. Ол қолына ұстай кірген бір асымдай тоң балықты босағаға тастай салды. Сонан соң жеңінің аузына мұз қатқан су-су киімін босағада тұрып шешіп, етігімен төрге шықты. Қарақатын бықсып жанбай жатқан отты үрлей түсті де, әлденеге мырс етті:– Еламанды айтам-ау!.. Сорлының үйі бүгін сонша ұятты қалай көтеріп тұр екен? Ақкемпір келініне көз қиығын тастап: «О, Құдайым! – деді ішінен, – қайтейін!.. Бұ да өзгеге күледі, өзіне күлетін кісі жоқ па екен сонда» Қарақатын отты тастай сала енді күйеуінің астыүстіне түсіп, жалпылдап:– Бізді асыраймын деп жаныңды жалдап жүрсің. Күнұзын нәр татпаған кісіде әл қайдан болсын. Кел, етігіңді тартып жіберейін, – деп еді.– Өзім шешем! Асыңды болдыр! – деді Дос.