Лев Толстой. «Тірілу»
Бұл — Лев Толстойдың 1899 жылы жазылған «Тірілу» романынан үзінді. Мирас Әбілдің көркем аудармасы.
Адамдар қанша тырысса да, бір тар ғана жерге бірнеше жүз мың болып жиналып, тапталған топырақты қанша бүлдірсе де, жердің бетіне ештеңе өспесін деп оны таспен қанша жапса да, қылтиған көкті қанша жұлып тастаса да, көмір мен мұнайдың түтінімен қанша тұншықтырса да, ағаштарды қанша шапса да, жан-жануар мен құсты қанша қуып жіберсе де – бәрібір көктем көктем күйінде қала берді, тіпті қалада да.
Күн шуағын төкті, тірілген шөп қыртысты жарып шығып, қай жерде ғана оны қырып тастамаған болса, сол жердің бәрінде көгеріп, жайқала бастады: тек бульвардағы көгалда ғана емес, тас тақталардың арасынан да бой көтерді. Қайың, терек, мойыл жабысқақ әрі хош иісті жапырақтарын жайып, жөке ағаштары бөртіп, жарылардай бүршік атты. Қарғалар, торғайлар, көгершіндер көктемгі қуанышпен ұя салып, шыбындар күнге қыздырынған қабырғалар маңында ызыңдап ұшып жүрді.
Өсімдіктер де, құстар да, жәндіктер де, балалар да шат еді. Ал адамдар – ересек, үлкен адамдар – өздерін де, бір-бірін де алдап, азаптауды тоқтатпады. Адамдар үшін қасиетті де маңызды нәрсе – осы көктемгі таң, барша тіршілік иесіне игілік үшін берілген Құдай әлемінің сұлулығы емес еді; бейбітшілікке, келісімге, сүйіспеншілікке жетелейтін осы көркемдік емес еді. Олар үшін қасиетті де маңызды – бір-біріне үстемдік жүргізу үшін өздері ойлап тапқан нәрселер болатын.
Лев Толстой. «Тірілу»