БІРІНШІ СӨЗ
ЖҮРЕК ПЕН ЖҮЙКЕНІҢ ДЕРТІ
(Абайдың қара сөздерінің ізімен)
Бұл уақытқа жеткенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай театр фестивалін артқа тастадық. Алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – өнердің өзіне ғана тән әурешілігін көре жүріп, біраз жол кештік.
Сыншыны – сөзімен, режиссерді – көзқарасымен, актерді – ішкі дірілімен, драматургті – түйсігімен танып-білуге тырыстық. Әрқайсысының жан әлеміне бойлауға тырысып жүріп, өз жанымызға да үңіле бастаған екенбіз. Театртану оқыдық, магистр атандық, театрдың әдебиет бөліміне жетекшілік етіп, сахна мен сөз арасындағы көпірге айналдық. Осылай он жыл зу етіп өте шығыпты.
Ең бастысы – өзімізді таныдық. Қай жерде үндедік, қай жерде үнсіздік, қай жерде шын өнерге бас иіп, қай жерде бос даңғазаға алданып қалғанымызды таразылай бастадық. Бұрын өзгеге сөз берсек, енді өзіміздің ішкі дауысымызға құлақ асатын кез келген секілді.
Уикипедия: «Өнер — көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы» дейді. Халық: «Өнер — таусылмас азық, жұтамас байлық» деп түйген. Ал мен болсам, «Өнер — жүрек пен жүйкенің дерті» дер едім.
Театр өнері – шын ізденіске түскеннің өзегін өртейтін, шынайы сүйгеннің жүйкесін жүндей түтетін өнер. Ол – қуаныш та, қайғы да, еске алу да, үміт те. Біреулер үшін жай кәсіп, біреулер үшін өмірдің мәні. Ал мен үшін ол – жүректің шаншуындай сезілетін сағыныш, кейде шипа таппайтын дерт.
Өнер – көптің ісі емес. Өнер – аздың мұңы. Өнер – жанын жалдап жүріп, шындықты іздегеннің, шекарасыз сезімге ерік бергеннің жолы. Осы жолда жүру үшін ішкі дайындығың, рухани төзімің, жүректегі отың, жүйкедегі салмағың болуы керек. Болмаса — жолың қысқа.
Қайда барамыз, қай биікке жетеміз – белгісіз. Бірақ жүрген жолымыз – өнер жолы. Ал өнер жолында тоқтау – өшу. Өшу – өзіңе ғана емес, сенім артқан ұстаздарыңа, шәкірттеріңе, сахнаға қарап үміт артқан көрерменге де қиянат.
Бүгінгі сөз – жай есінеу емес. Бұл – жүрек пен жүйкенің арасына түскен күйік жайлы алғашқы үн. Абай: «Іште қайғы болмаса, сыртқа шыққан сөз де болмас» дейді. Ендеше, менің бұл сөзім – ішкі дерттің сыртқа шыққан бір сәулесі ғана.
Өнердің қай саласына үңілсең де, Абайдан бастау алғандар көп. Кешегі Мағжандар да поэзияға Абайдың әсерімен келгені жырларынан байқалып тұрады. Театр өнерінде де Абай әнін, Абай поэзиясын арқау етіп, еңбегінің жемісін көрген замандастарым, алдыңғы буын ағаларым жетерлік.
Ал мен болсам, «театртану» атты асқардың баурайынан бастау алатын бұлағымды бастар алдында, ұлы Абайдың қара сөздерінің үлгісіне бойсұнып, өз жолымды сонымен бастауымды жөн көрдім.
Кім де кім ішінен өзіне керекті сөз тапса, жазып алсын, не оқысын. Керегі жоқ десе, менің де өз сөзім — өзімдікі.
Мирас Әбіл.