9f7dde11-4496-4789-a163-be4d1248ea80

ПУТИНДІ жеңген қазақ

Бүгін бір кездері Путинмен күресіп, жеңген, қазақша күрестен спорт шебері Мұрат Керімбаев ағамыз өмірден озды. Ол 1950 жылы Семей облысының Ақсуат ауданынында дүниеге келген. Жастайынан жанына спортты серік еткен азамат Семей қаласының 250 жылдық тойында 52 келі салмақ дәрежесінде қазақша күрестен чемпион атанды. Абай Құнанбаевтың 125 жылдық тойында өз салмағында қарсылас шақ келтірмеді. Һәкімнің 150 жылдық тойында ұлттық ойындардың бас төрешісі болып, спортшылардың шеруін өткізуге үлкен еңбек сіңірді. Ақсуат ауданының волейбол, футбол құрама командасының сапында ойнап, бірнеше рет Семей облысының жеңімпазы атанды. Мұрат Керімбаев самбо мен еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер болды. Өмірінің соңына дейін сот саласында  қажырлы қызмет істеген еңбек ардагері Мұрат Керімбаев ағамыз 74 жасқа қараған шағында бақиға аттанды. Керімбаев туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.  


«Путинмен күрескен палуан Семейде тұрады» дегенді естігенде кездескенше тағат таппағаным рас. «Кім болды екен, қалай кездесті, қашан күресті, қандай адам болды екен?» деген сауалдар санаға тыным бермей, Семейге жол тартқанмын. Есікті алпысты алқымдаған ел ағасы ашқан. Қарапайым. Орта бойлы, мығым денелі, жайдары жүзді жанмен әңгімеміз бірден жарасып жүре берген.

Үшкемпіров спорттық жолын Семейден бастаған

– 1968 жылы қараша айында әскерге шақырылдым, – деп бастады әңгімесін Мұрат Керімбаев. – Бара салысымен спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындадым. Көп ұзамай мені спорттық ротаға қабылдады. Әрине, әуелі физикалық даярлығымды, күш-қуатымды тексеріп көрді. Расында мен спорттан қара жаяу емес едім. Семейдің педагогикалық институты жанындағы денешынықтыру курсында бір жыл оқығаным бар. Содан не керек, мен өзіміздің әскери бөлімнің стратегиялық ракеталар полкінің жаттықтырушысы болып жұмыс істей бастадым. Түрлі жарыстарға қатыстық. Әуелі дивизияны жеңдік, одан кейін бүкіл армияны тізе бүктірдік. Командалық есепте де, жекелей сында да. 58 келі салмақ дәрежесінде Забайкалья әскери аймағының чемпионы болдым. Ол кезде самбо күресінде ең жеңіл салмақ 58 келі болатын. Сондай жарыстардың бірінде Ресейдің бүгінгі Президенті Владимир Путинмен жолым түйісті. Екеуміз бір топқа түсіппіз. Путин ол кезде студент. Ленинградтың заң факультетінде оқып жүрген кезі екен. Бірақ ол кезде мен оның заң факультетінде оқитынын білген жоқпын. Кейін өмірбаянын оқығаннан соң ғана білдім ғой. Сол күні бір топта төрт адаммен күрестім. Соның бірі – Путин болды. Шынымды айтсам, мен ол кезде оның Путин екенін білген емеспін. Әскери борышымды өтеп елге оралғаннан кейін 1972 жылы Томскіде Сергей Вицеманның жүлдесі үшін самбодан бүкілодақтық турнир өтті. Сол жолы Семейден Керей Қойшыбеков, Серік Тоқтарғазин секілді жігіттерді бастап, мен де бардым жарысқа. Сол кезде бір салмақта 66 адам күрестік. Бір қызығы, бұл жарысқа Путин де келіпті. Бірақ басқа топта күресті. Қарап қоям, түрі таныс секілді. Айтпақшы, сол күні онымен жақынырақ танысудың сәті түсті. Таныстырған, әскерде бірге борышымызды өтеген челябілік Анотолий Бондаренко деген жігіт. Путинді біледі екен. Бұрын бірге күрескен бе, әлде бір жерде бірге болған ба, әйтеуір бірін-бірі жақсы біледі екен. Сол көргеннен кейін Путинді 28 жылдан кейін бірақ көрдім ғой. Өз үйімде. Теледидардан. Жеңгең екеуміз теледидар көріп отырмыз. Теледидардан Ресейдегі Президент сайлауында жеңіске жеткен Президенттің ұлықтау рәсімі көрсетіліп жатты. Президент келе жатыр. Қараймын, түрі таныс. Әйеліме айтамын: «Мен мынаны танимын ғой. Менімен күрескен палуан» деймін. Міне, осылайша, Путинмен күрескенімді 28 жылдан кейін есіме түсірдім.
– Путинмен арадағы күрес қалайша өрбіді? Қайсыларыңыз басымдық таныттыңыздар?
– Мен ол кезде жиырма жастамын. Путин – 18 жаста. Екі жас үлкендігім бар. Соған қарамастан Путин жақсы өнер көрсетті. Бірақ мен ұпай санымен жеңіске жеттім.
1968 жылы мамыр айында Қызылжарда «Қайрат» ерікті спорт қоғамының ауыл-село спортшылары арасындағы біріншілігі өтті. Мен сол жарыста самбошы болсам да еркін күрестен үшінші орын алдым. Сол кезде Роллан Сейсенбаев мен туралы «Сапар жайлы сыр шертсек» деген тақырыппен очерк жазған болатын. Сол жарыстан кейін өзі күресті мүлде қойып кетті.

Сейсенбаевтың сағын сындырған кім?

– Роллан Сейсенбаевтың танымал жазушы екенін білеміз. Бірақ ол кісінің күрескені жайлы алғаш естіп отырмын.
– Күрескенде қандай! Сол жарыста мен 52 келі салмақта, Роллан 70 келі салмақта күресті. Жарыстың бас төрешісі Әбілсейіт Айханов ағамыз болды. Роллан осы дүбірлі додада қарсылас шақ келтірмей финалға дейін еркін жетті. Финалда да басымдық танытты. Алайда төреші жеңіп тұрса да жеңісті бермеді. Ол кезде Қайрат спорт қоғамының жүлдегері болу үлкен мәртебе болатын. Спорт шебері деген атақ берілетін. Ролланмен финалда күрескен палуан көптен бері спорт шеберлігін орындай алмай жүр еді деп Әбілсейіт Айханов ағамыз бұрмалап жіберді. Кейін Рекең айтады: «Әлгі жарыстан кейін жиын өтті. Маған бапкерлер: «сені құрамаға қалдырамыз, әлі жассың, болашағың алда, спорт шеберлігін қорғайсың» деді. «Ренжіме. Кішкене бұрмалап жібердік» деді Әбілсейіт Айханов». Сол кезде Рекең «Ой, Әбіл аға, спорт шеберлігінде тұрған бақыттың … ұрайын» деп шығып кетіпті. Содан кейін күресті мүлде тастап кетті ғой. Реті келгенде айта кетейін, Рекең өз салмағында мықты палуандардың бірі болды. Талай мәрте чемпион атанды. Ролланның ерекшелігі сол, ол ақылмен күресетін. Баппен күресетін. Әрбір әдісі, іс-әрекеті үйлесім тауып тұратын.
– Естуімше, грек-рим күресі бойынша Алаш баласы арасынан алғашқылардың бірі болып Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіров ағамыз спорттық жолын Семейден бастаған көрінеді. Рас па осы?
– 1967 жылы мен Семейдегі педагогикалық институт жанындағы денешынықтыру тәрбиесі пәнінен сабақ беретін ұстаздарды даярлайтын бір жылдық курсқа түстім. Оқуға түскеннен кейін Ақсуаттан келген үш жігіт – мен, Әнеш Демеубаев және Паша Гривков бар үшеумізді сол кездегі Цементник футбол командасының қосалқы тобына алды. Владимир Киселов деген бапкеріміз болды. Есімде, біз қосалқы топта ойнап жүргенде Өскеменнің «Восток» командасының капитаны болған Радионов, Евдокимов, Караваев, Ионкин, Чернов деген жігіттермен бірге жаттығып жүрдік. Ұмытпасам, 1967 жылы қараша айында Семейдегі қазіргі Спартак стадионын пайдалануға берді. Жаттығудың көбін сол жерде өткіземіз. Содан аяқ астынан бір күні бапкер ауысып, Әнеш екеумізді қосалқы құрамнан шығарып жіберді. Гривков волейболға кетті. Сөйтіп Әнеш екеуміз сол кездегі мал дәрігерлік институтындағы самбо күресіне жазылдық. Міне, сол кезде біз жаттығуды енді бастап жүргенде Жақсылық Үшкемпіров те келіп, осы оқу орнына түсіп, еркін күрестке қатысып жүрді. Былайша айтқанда, ол кісі күрес жолын Семейден бастады. Сосын оны негізгі бапкері Ғали Ильматовтың рұқсатымен Лю Вин Хай деген қытай бапкері еркін күрестен грек-римге ауыстырды. Спорттағы жарқын сәттері сол кезден басталды ғой. Студенттер арасында Одақ чемпионы болды. Мен әскерден келгенде Жақсылықтың атағы дүрілдеп тұрды.
– Мына құлағымды сындырған – якуттар, – дейді ағамыз өткен күндерін ой елегінен өткізіп. –  Әскерде жүргенде бастығым мен самбошы болсам да, «Ойбай, Керімбаев, округтің балуандары күресетін турнирде еркін күрестен де қатыса салшы. Сені жығатын ешкім жоқ мұнда» деген соң шыға салғанмын. Сол жарыста Роман Дмитрев, Гаврил Дмитрев, Планотов деген якут¬тармен күрескенде мына құлағымды сындырды. 
– Жеңіп сындырды ма, жеңіліп сындырды ма?
– Жеңгеніміз де бар, жеңілгеніміз де бар.
– Құлағыңызды якуттарға беріпсіз. Иығыңызды кім сындырды?
– Иығымды сындырған – бір орыс жігіті. Негізі, менің қолым қысқа ғой. Екінің бірі болевойға (күрестегі қолды майыстыру – А.Қ) ала алмайды. Бір жарыста әлгі орыспен күрестім. Негізінде, болевойға буынды алады ғой. Ана жігіт буынды емес, мұқым иықты алды. Бір қолым оның мы¬тып ұстаған қолдарында, екінші қолым оның астында қалды. Сонда да ұпай бо¬йынша ұтып жатқанмын. Есеп 3:1 болатын. Омскіде қазақтар көп тұрады. Бір тобы әлгі тур¬нирді көруге келсе керек. Күресіп жатқанда «Мұрат, Мұрат, шыда, шыда. 30 секунд қалды» дегендері есімде. Таныс дауыс. Қазақтың дауысы. Сол дауыс маған күш берді ғой деймін. Қиналып жатсам да, кілемді соғып берілмедім. Сонда екеуміздің арамыздағы жекпе-жектің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда әлгі жігіт қолымды қатты басып жібергенде, талықсып кетіппін. Төрешінің ысқырығы шыр еткенде есімді жидым. Осылайша оны жеңіп кеттім. Бірақ иығымды шығардым. Төреші қолымды көтергенде айғай сал¬ғаным әлі есімде. Бірден дәрігерлер алып кетті. Екінші орын алдым. Кейін кез¬дес¬кенде әлгі жігіт: «Сен жындысың ба? Мен қолыңды жұлып ала жаздадым ғой», – дейді. Сөйтсем, ол бір застава бастығының орынбасары екен.
Әңгімелескен – Азамат Қасым

"Дидар" газеті, 2012 жыл, 17 ақпан
 



 


Пікір Как:

Пікір (0)