d6eaf2e7-f1d8-4399-b735-8527a26e06d2

Абайтанушы ғалым оқушылармен жүздесті

Астана қаласы әкімдігінің «№ 19 орта мектеп» КММ-де қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, ҚР жазушылар одағының мүшесі, ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызымен кездесу өтті.


Қазақстан халқы тілдер күніне аясында ұйымдастырылған іс-шараны № 19 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломаты, респубилкалық «Алаш» ұстанымы төсбелгісінің иегері, ақын Өмірбек Бекмұрат жүргізді.
Ақындық талантымен бірге ұстаздық ұстанымымен  қазақ руханиятына зор үлес қосып келе жатқан Алмахан Мұхаметқалиқызын оқушылар қошаметпен қарсы алып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, күймен көріктендірді.  Әңгіме-сұқбат барысында көкейде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды. Әсіресе, бала Абай мен әкесі Құнанбай арасындағы тағылымды қатынастар, қазақ дүниетанымындағы әңгімелер, дала данышпандарының бала тәрбиесіндегі құндылықтары кездесудің мәнін аша түсті. 

Еркін форматтағы қызықты кездесу оқушылардың білімін кеңейтуге, ұлттық болмысты тануға, нақты мысалдар арқылы саналы түрде жетілуге, Абайдың әлеміне бойлап, ұстаздардың жан-жақты ізденудегі сан түрлі тақырыптарына ықпал етті. 
ҚР Мәдениет саласының үздігі Алмахан Мұхаметқалиқызы ҚР Президентінің 2016 ж 29 қарашадағы Жарлығы бойынша  «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік төсбелгісімен, «Абай» төсбелгісінің иегері. 

Абай шығармашылығы мен мұрасын тануда айрықша мәні бар бастама көтеріп, 2010 жылы Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінен тұңғыш рет «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығын ашып, Елордада аталған орталықтың негізін қалады.
Орталықтың нәтижесінде «Абайтану курсы», «Ұлылар мекеніне саяхат», «Абай биігі - ұлт биігі», «Әнді сүйсең менше сүй» бағдарламалары, «Астана ақшамы» газетінен ашқан «Абай нұры» айдары арқылы үзбей жарияланып тұрған циклдық зерттеу мақалалар, т.б. аса қажет құндылыққа қосылды. Абайдың өнер мектебін қалыптастыру мақсатында талантты жастар арасынан «Абай нұры» атты өнер клубы ашылды. Осы өнер мектебінің бір түлегі осы мектептің ұстазы, талантты ақын -Өмірбек Бекмұрат бүгінгі кездесудің ұйытқысы бола білді. 

Бұған дейін  де Семейдегі Республикалық Абай қорық-мұражайында  18 жыл мәдени-ағарту қызметінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылығында елеулі еңбек атқрып келе жатқаны елге аян.   Өлеңге құштар ақынның  бірнеше жыр жинақтары мен Абайтану саласындағы қайраткерлігі көпшіліктің көзайымына айналған. Ел елеулісіне айналған Алмахан Мұхаметқалиқызымен жүздескен мектеп ұжымы ақын шығармашылығымен сусындап, өмірдің мәнін ұғынуға қатысты Абайтанудағы қызықты естеліктермен бөлісіп ризашылықпен аттанысты. 

 


Пікір Как:

Пікір (0)