ЖҮРЕКТІҢ ӨТКІЗГІШТІК ЖҮЙЕСІН КҮШЕЙТУГЕ АРНАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ОТА  ЖАСАЛДЫ

Алматыда польшалық білікті маман, профессор, аритмология саласындағы білгір дәрігер  Яцек Гайектің шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Кардиология және ішкі аурулар Ғылыми зерттеу институтында өткен жиынға Алматы, Қарағанды,  Тараздан және өзге  өңірлерден келген  дәрігерлер қатысты.      

Мастер-класс аясында науқастарға ем жүргізілді. Атап айтқанда, жүректің соғу ырғағын бұзатын    кардиопатологиясы бар бес емделушіге  ота  жасалды. Пациенттердің  ең үлкені 66 жаста болса,   ең кіші науқас 23 жаста.

Мәселен, шағыммен келген  58 жастағы азаматтан  жоғары қысым, әлсіздік, бастың айналуы, бастың  тұрақты ауруы, ентігу сынды  белгілер байқалған. 23 жастағы науқастан   туабітті  жүрек ақауы байқалды. Оны  үнемі бас айналуы, тез шаршау, ентігу  мазалайтыны белгілі болды.  

АВ блокадасының дамыған ағымы аса қауіпті. Бұл аяқ астынан  жүрек өліміне әкеліп соғуы  мүмкін.

  Ғылыми  зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, озық технологияларды қолдана отырып, заманауи медициналық процестер мен стандарттарды ұстануға ұмтылыс жасалады. Көрсетілетін оталарды  жасау мамандардың  тәжірибесін арттырып,    білімдерін   жетілдіруге жол ашады.  

Профессор Яцек Гиек институт басшылығына    Қазақстанға шақырғаны үшін ризашылық білдірді. Бұл оның осымен елімізге жасаған  екінші сапары.  Білікті дәрігердің тәжірибесі  мен қосымша оқытуы  қазақстандық мамандарға осы техниканы енгізуге жәрдемдеседі.    Бұл тәсіл  жүрек қызметінің  жеткіліксіздігі бар науқастарға тиімді. 

Бөлімше меңгерушісі Бағдат Ахыт та бұл жиынды жоғары бағалайды.  Өткізгіштік жүйені жақсарту  қарыншааралық диссинхрония мәселелерін оңынан шешуге, жүректің оң және сол жақ   қарыншаларын дәл  және синхронды түрде белсенді етуге көмектеседі. Бұл өз кезегінде науқас азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартары анық.

КІА ҒЗИ аритмологиялық қызметінің аға ординаторы Артур Абдымомуновтың пікірінше,  ота кезіндегі қауіптер барынша төмен.  Себебі, мамандар жоғары технологиялық жабдықты негізге  алады. Әр емделушіге  шығыс материалдарының үлкен спектрін дербес түрде  таңдайды.  Мұндай мастер-кластардың отандық медицинаның дамуына ықпал-әсері зор. 


Пікір Как:

Пікір (0)