c15d3871-25b8-47d2-a897-fbaf5bc400e9

Алматы төріндегі Абай шырақшысы

«Абайдың Қасқабұлағы

Сағасы інжу-маржаннан

Жағасы жасыл пүліштен,

Тамшысы алтын, күмістен,

Жапырақ сүйген бетіңнен

Суыңнан сұлу гүл ішкен.

 

Абайдың Қасқабұлағы

Елімді қорғар қылыш па ең?

Жеріме біткен ырыс па ең?!

Ай сүйіп асыл ерніңнен,

Күлімдеп келіп Күн ішкен.

 

Абайдың Қасқабұлағы,

Қырық өрім таспа бұлағы,

Аспанның аспа бұлағы.

Отыз жыл ойран салса да,

Қырық жыл қырғын болса да,

Мөлдіреп жатыр суы әлі.

Абайдың Қасқабұлағы!»-бұл Шыңғыстаудағы ақындық мектептің бүгінгі буын басында жүрген Бауыржан Жақыптың жыры. «Қазақтың бас ақынының» жырына, сырына, ғұмырына деген мөлдір іңкәрлік бүгінгі Абай ақынға арналып жазылған сансыз арнаулар ішінен бұлт көтерген биік ойдың белгілі ақыны. Шоқтығы дара! Мұзбалақ ақын Мұқаңдар:

«...Ойхой, Абай даласы, "Абайлаған",
Семей десе, Абай деп қарайды адам.
Талай жылдар өтсе де, талай заман,
Қалам тартар қазақта ақын туса,
Аруағына Абайдың қарайлаған»-деп асқан қызығумен асқақ жырына қосса, Бауыржан Өміржанұлы «Абайдың Қасқабұлағы» арқылы туған жерге деген қастерлі сезімді қалам ұшына байлаған. Зиярат етер рухы да осы Абай! Шабыт тыныштығындағы досы да Абай! Жидебайға жылына екі мәрте ат ізін салмаса ақын арқаланбастай, қауырсын қаламға қолқа салмастай өліара күйі тұсап қоярдай жүретін-ді.

          Жуырда «Білте шамның жарығын» оқыдым. Ақын аға жинақтағы «Алаша» атты жырында:

«Көрдім асыл әжемді,

Көрдім туған өлкемді.

Көрдім тоғай, өзенді,

Жан-дүнием өртенді.

Беу, киелі алаша!»-сарсаң кеуденің ауылға деген сағынышын, бал балалыққа бастайтын басқа естеліктерді қозғайды. Әрине, «алаша» деталь ретінде жырланып, дерек ретінде сананы маздатады. Тағы бір шумағында:

«Сарғалдақтай сап-сары,

Сағынышы бар санамның.

Қызыл-жасыл, тоқсары,

Бояуы бар даламның»-деп жырлағанда қараша үйдегі қарашаңырақ естеліктерінің толқынына түсіп кеткендей боласың. «Алашадан» кейін көзімді кілт тоқтатқан «Шыңғыстау» жыры болды. Бұл өлеңде Бауыржан Өміржанұлы:

«Шыңғыстау сапар шектім саған бүгін,

Жыр болып төскейіңде жанар гүлің.

Ақшоқы Құнекеңді бауырына алып,

Алладан тілейді елдің амандығын.

 

«Абай жолын» қастерлеп Құрандайын,

Абай жырын тағып ап тұмардайын.

Сағынып келдім саған Орда тауы,

Басына Мамай қонған қырандайын» - деп ұлылар туған мекенді ұлағатты жырына қосқан-ды. «Абай жырын тұмардай тағынған» киелі елдің бүгінгі ұрпағы үшін нағыз жолтанытқыш, һәм шетелден келген қонақтарға таныстыру жырындай. Жазушы, классик Мұхтар Әуезов Шыңғыстау еліне қарап: «Ел әңгімеші, ел әңгімеші болған соң жер әңгімеші» деген сөзі өлеңнің тамырын тап басып айтқандай. Расында, «Абай жолы» роман-эпопеясында аталатын жер-су атаулары, аномастикалы атаулар шежірелі тарихы бар Шыңғыстаудың сырын сақтап тұрғандай. Ақын соның парақтарын ақтарып өткен өлең бұл.

          ««Абай жолын» қастерлеп Құрандайын» деген жолы арқылы «адамзаттың Абайы» туралы жазылған роман-эпопеяның жүзден астам әлем тіліне аударылып, шығыс пен еуропа халықтарының авторлары жылма-жыл «жаңа» аудармада ұсынып келуі әлемге Абай арқылы қазақтың танылуы, һәм қазақ арқылы Абайдың әлем әдебиетіне жол тартуы еді деп те трактаттауға болатындай. Сондықтан алты Алаштың ««Абай жолын» қастерлеуі» қағидатты сияқты.

          Ақын-деген атақ әуелі кіші Отан-ауылдан бұйырары анық. Жарқабағында жасырынып жыр жазып, едені сықырлақ ескі үйдегі жастық дәурені Арқат өңірінде өткен. Тастарын Тәңірі тізбектеп, бақ, ырысын құя салған құтты мекен Ащысу өзенінің бойында еді. «Арқатым» атты өлеңінде:

«Мамай боп қалқыған қыраны,

Абай боп ағатын бұлағы.

Арқатым-арда өскен ауылым,

Береке, бірліктің тұрағы.

Шәкәрім, Мұқтардың жолы бар,

Қопаның қоң суы, көлі бар.

Осынау саруар ауада,

Данышпан Абайдың демі бар»-,деп «арда өскен Арқатқа да» арнауын жеткізеді. Аз ғана үй Арқат ауылын-біздің жақ «Батырлар ауылы» деп ұлықтайды. Жоңғар шапқыншылығында Абылай ханның сенімді серігі, Арғын-Тобықтының туын көтеріп, жүзден астам жекпе-жекте жеңіске жеткен хас батыр Мамайдың ерліктері ел ішінде фольклорға айналған саф аңыздар еді. Мамай батыр сүйегі Түркістандағы Хазірет Сұлтанда батырлар қорымында жерленген.  Ақын Бауыржан Жақып Мамай есімін өлеңінен қалдырмайтыны да сондықтан болар, Аңырақай шайқасының айбарлы сарбазы Арқат, Орда маңын мекендеген екен.

          «Қопаның қоң суы да» осында. Қопа-жер атауы. «Қазақфильм» киностудиясы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Жаушы» фильмін түсірген табиғаты таңғалдырарлық таулы өлке.

«Данышпан Абайдың демі бар» деуі Қарамола сьезінде сандықтасқа шығып билік айтқан жер тағы да осы Арқат. Әр жырына Абайды қосып отыратын Баукеңді енді қалай хәкімнің өлеңдегі шырақшысы демессіз?

          Бешенеден қойнауына Қыдыр қонып, құт дарыған қастерлі мекенде Құнанбайдың құдіреті, Ұлы Абайдың ұлағаты, Шәкәрім қажының шындығы, дана Мұхтардың дар жолы жатыр. Ғасырдың жүрегіне шам жаққан Шыңғыстаудың маңдайындағы соры да бес елі еді. Ол Дегелеңде өткен ядролық атом полигонының сынақтары. Семей, Абыралы, Шыңғыстау өңірінде өткен кесапатқа арналған поэтикалық туындыны «Білте шамның жарығына» автор қосқан екен:

«Тамыздың жиырма тоғызы...

Күн емес, Алып шар шықты,

Аспан көзінен қан шықты,

Дегелең деген өр таудың

Кеудесінен сол күн жан шықты»-, нотаға түспеген жүрек зары. Құрсақтан «кәрі» сәби туып, кенедей жабысқан белгісіз жара бүтіндей шығыстың бір бұрышын әлі мұжып тұр.

«Тамыздың жиырма тоғызы...

Көзімді менің байлады,

Денеме дерт боп бойлады,

Жер-Ананың ақ шашын,

Ақ шашын жұлып ойнады». Бұл шумақтардан атом мен ақынның арпалысын өлең құдіреті өзі алып шыққандай. «Жер-Ананың ақ шашын жұлып ойнаған» кесапат кесір саясаттың миллион жылдарға төгіп тастаған уын ақын өзінің әр толғауында әр тармаққа теріп берген.

«Алладан тілек тіледім,

Сыйғызып ойды өлеңге.

Жаһанды жұтқан жарылыс,

Болмасын енді әлемде»,-деп Бауыржан Жақып дәуір аспанына бата қылады. Ол да болса, хәкім Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырымдеп» айтылатын әлемге тілекші теореманың тұрғысына тағы әкеліп соғады.

          Автордың жол сапар жазбалары да жинақтың мағынасын арттыра түскендей. Өйткені, күнделік жазуындай сапар жазбалары-әдебиеттегі жеке жанрға сұранарлық әдебиет түрі еді. Шет елдерді былай қойып, ақынның «Суықтөбе суреттерін» оқып-ақ поэзиядағы классиканың нағыз өзі жатыр емес пе? Мәселен:

          «Жамбыл-Жәкем жүрген жер атқа мініп,

Маңдайымнан сүйеді мақпал үміт.

Екі таудың құз бөлген ортасынан,

Түсетіндей көк аспан ақтарылып»,-дейді, немесе:

«Тау өзені суығы мидан өтер,

Асау Қастек үстіме құйма бекер.

Елеусіз бір үстірттің қойнауынан,

Қураған тал сирағы сидаң етер.

 

Ентелеген дәу жартас құлайтындай,

Құлатпа,-деп, Құдайдан сұрайтындай.

Суықтөбе не деген жәннат едің,

Саған келсем қоймайды сыр айтылмай»,-деп Суықтөбеге деген ыстық ынтызарлығын өлеңмен өрген екен.

          «Білте шамның жарығы» Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткер жинақтар қатарында. Жас ұрпақ жастанып оқырлық жинаққа, оның авторы шыңғыстаулық Бауыржан Жақыпқа сәттілік тілейміз! Бауыржан Өміржанұлының алдыңғы буын ағаларының бірі Мерғали Ибраев өз өлеңінде:

«Кей жырдың айқайлаған күші басым,

Кей жырдың сырты Абай, іші Қасым.

Өлеңнің көптігіне қуанасың,

Ақынның аздығына қысыласың»,-деп өміршең өлең шындығын айтып еді. Өлеңіңіз ғұмырлы болсын, аға!

Нұржан Байтөс - ақын, "Алтын тобылғы" ұлттық сыйлығының иегері 


Пікір Как:

Пікір (0)