30f57e95-a85a-4a15-b949-d1b3113840f4

КСРО туын бөтен көліктен жұлып алған қазақ 5 тәулікке қамалуы мүмкін

КСРО туын Алматы көшесінде желбіретіп жүргендердің қолынан байрақты тартып алған азамат істеген ісін мойнымен көтеруге дайын екендігін мәлімдеді.   

«Алғаш көргенде ескерттім»

Видеодағы жігіттің есімі Жанболат Шайзада екен. Ол алғашында ту ұстағандарды көргенде бұл әрекеттерінің дұрыс еместігін ескерткенін айтады. “Шеру деп қабылдап алғаш көргенде ескерттім. Болмайды деп. Оларды екінші рет жолда көргенде ұлттық намысын оянып туларын жұлып алдым,” - деді Жанболат Шайзада.

Алайда ол ту ұстағандардың тарапынан қарсылыққа тап болған. Ер азаматтың ар-намысына тиетін сөз айтқандықтан, ол да сондай мәнерде жауап қатқан.

“Ол кезде де менің ар-намысыма тиді. Олар менің намысыма тиді. “Не благодарный” деді. Мен де оларды ашуға беріліп боқтадым,” - деді ол.

Жанболат істеген ісін мойнымен көтеруге дайын екендігін жеткізді. Қазір оның әрекетіне қатысты әкімшілік іс қозғалған.

“Істеген ісімізді басымызбен көтереміз. Боқтаған ісім дұрыс емес, әрине. Бірақ, істеген ісіме өкінбеймін,” - деп түйіндеді ол сөзін.

Ал, Жанболат Шайзаданың қорғаушысы Жалғас Сапархан қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді.

Оқиға 9 мамыр күні Алматы қаласында болған. Видео әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде жарияланды.

«Жоғалтыңдар, бұл Қазақстан

Жазбада белгісіз ер азамат КСРО туын ұстағандардың қолынан жалауды тартып алған. “Жоғалтыңдар, бұл Қазақстан” деп айғайлайды видеодағы жігіт.

 Бұл видеоны көрген азаматтар әртүрлі пікір жазып жатыр. Көпшілігі ер азаматтың әрекетін дұрыс деп бағаласа, арасында бұл әрекет қате деушілер де бар.

«Алматы қалалық полиция Департаменті, аталған дерекке сәйкес тексеру жұмыстары жүргізіліп, кінәлі азамат боғауыз сөз сөйлегені үшін ұсақ құқық бұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылғанын хабарлайды,» - деп жазды Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Бұл туралы  Ulysmedia.kz хабарлады.  

Фото: Желідегі видеодан скрин  

 


Пікір Как:

Пікір (0)