news_full15577465410f106dfaa8cbc1a5e95865beddeadab7

Ақтөбеде 3 мыңнан астам адам ішімдікке салынған

Ақтөбеде жастар арасында ішімдікке салынғандар көбейген. Көбі жұмыссыздықты алға тартып, жан-жағындағы адамдардан жылу көрмегенін айтады. Араққа салынғандар мен оларды емдеу жолы туралы Kazinform сайты жазады. Ақтөбе облысы психикалық денсаулық орталығының маманы, нарколог дәрігер Әлия Бекбергенова дерттің себептерін айтып берді.

"Ақтөбе облысы бойынша маскүнемдікке шалдыққан адам саны көбеймесе, азайғанын көріп тұрған жоқпыз. Бұл бізді қатты алаңдатады. Науқастар арасында әйелдер, жастар да бар. Ересек адамдар да кездеседі. Өзім диспансерде көп жылдан бері жұмыс істеймін. Біз жас ерекшеліктеріне мән беріп, қарап отырамыз. Бұрын ересек адамдар көп түсетін болса, қазіргі таңда жастар, тіпті кәмелет жасқа енді толған адамдар бар. 20-45 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті ақтөбеліктер көбейіп келе жатыр. Ішімдікке салынып кеткен адамдардың ағзасы уланатыны белгілі. Ішкі ағзалары созылмалы дертке шалдығып, жұмыс істеу қабілеті бұзылады. Содан психикалық тәуелділік туындайды. Адам жауапкершілікті жоғалтады, отбасы, бала тәрбиесіне салғырт қарап, жұмыс, әке-шешені ұмытады. Ұяттан, ардан аттап, толық ішімдікке тәуелді болады. Осындай адамдар бізге түсіп жатыр. Дерттің асқынуы да кездеседі" дейді дәрігер.  

Наркологтың айтуынша, жас жігіттер мен қыздар арасында маскүнем атанып, соңғы сатыларына жеткендер азаймай отыр. Салынып ішкен адамның ішкі құрылысы бұзылатыны рас. Бауыр, бүйрек, жүрек жұмысы өзгереді. Мұнда түскен адам емделіп шыққан соң учаскелік дәрігерге жібереміз. Олар үш жыл бақылауға алады. Бақылау кезінде де кейбір науқастар психикалық тұрғыдан өзін әлсіз сезініп, қайта ішімдікке салынып кетеді. Кейбірі токсикалық энцефалопатияға шалдығады. Ол дегеніміз — аяқ-қолдың шеткі қан тамырлары жүйесінің күрт төмендеуі. Бұл пациенттерді невропатологтармен қоса емдеп жатырмыз. Егер дер кезінде емдемесе, сал болып қалады, инсульттан кейінгі жағдайға түседі. Бұлшық еті солып, жүріп-тұруы тоқтап, адам кереуетке таңылады. Осындай деңгейге жеткен адамдар тума-туысын тыңдамай, үйде жатып ішіп, «қоя аламын» деп ойлап ауыр халде жедел жәрдем көмегімен жеткізіледі. Нарколог әріптестерімізден бірге отырып сөйлескен кезде 5-6 жылдықты салыстырамыз. Соңғы кездері біз арақтың улы әсерінің күшейгенін көріп отырмыз. Улы әсері күшті болған соң адам ағзасына қатты әсер етіп жатыр.

Адам неге ішімдікке әуес болады? Әлия Бекбергенова психолог, психотерапевт мамандармен сөйлесу барысында қашан, неден басталғанын білетінін жеткізді.  "Сұхбаттан кейін ғана ем тағайындалады. Пациенттер көбіне жұмыссыздық, отбасындағы кикілжіңді айтады. Кейбірі жұмыстағы қиындықтарды алға тартады. Жастар кезінде оқуға түсе алмай қалғанын, жұмысқа орналаса алмағанын айтады. Ата-анасы жұмыс істемейтінін алға тартып, ұрысады. Ал жас отбасы болса ұрыс-керіс кезінде «неге жүрсің, басқалар болса жақсы өмір сүріп жатыр» деп салыстырып, айқай-шу шығарады. Ақырында ішкілікке салынады",-дейді дәрігер. 

Фото: stan.kz 

 


Пікір Как:

Пікір (0)