640x480_1a2d41220a32a2a77a82b04047fa47f3

ҚЫЗ-ҒҰМЫР ШЫНАРЫМ-АЙ, ХАЛҚЫМНЫҢ ШЫРАҒЫНДАЙ

Шәмша әпке, жаным әпкем, сағындым өзіңді. Тұнық судай мөлдірлігіңді, ақша қардай тазалығыңды, алып таудай биіктігіңді, қарапайым қасиетіңді, бәрін-бәрін сағындым... Сағыныш деген соншама ұзақ жол екен, ешқашан жеткізбейді екен ... Екі Дүние. Параллель жатқан сызықтар сияқты, оның ғылым айтқан қасиеті сол:  олар ешқашан тоғыспайды, шексіз параллель болып қала береді.

Бақи мен Жалған.

Бірақ менің түйсігімде олар бірге. Екі тура сызық емес, бір ғана сызық. Екі өмір емес, бір ғана өмір. Жұмақ пен тозақ дейміз ғой. Ол да бірге. Тіршілігінде өсек айтып, өтірік айтып, адамдардың, достардың, туыстардың арасын ашып, арандатып жүрген жандардың кеудесінде жаны бар демесең, олар өлі жандар ғой. Ары, ұяты қыспаушы ма еді. Жаныннан тазалық кеткен соң оның бары не, жоғы не? Ал одан да ауыр қылымыстарды  жасап жүрген жауыздар жер үстіндегі құбыжықтар емес пе?  Оларды хайуан деп те айтуға болмайды.

 Ал керісінше, Жердің үстін, жүрген ортасын нұрға бөлеп, жарық етіп, жылы етіп жүргендер ол – жақсы адамдар. Мейірімді жандар. Жүрегі – сағыныштың мекені. Сондай нұрлы әлемнің иесі –Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева!«Қыз-ғұмыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай» деп,Фариза Оңғарсынова берген бағадан артық бағаны кім бере алады!? Шәмша Әпке, шындық сол, Сіз өз халқыңызды керемет жақсы көрдіңіз. Ұлысын ардақтай білдіңіз, ұрпағын мәпелей білдіңіз. Жансарайыңыз кең еді. Оған күллі қазақ қана емес, адамзат сыйып кететіндей еді. Сізбен кездесіп әңгімелескенде ел жайында, бүгінгі қоғамдағы  кейбір келеңсіз тұстар жайында  сіздің байсалды, байыпты, аспайтын-саспайтын, эмоцияға  берілмейтін, салмақты  ойларыңызды, сәл ғана қабағыңызды түйіңкіреп: «қатты уайымдаймын, не болады екен, жастарды кінәлаймыз ғой, бірақ мәселе сол жастарда емес, ата-аналары қайда қарап отыр? Қоғам кітап оқымайтын  болып барады. Шынын айту керек, бізге тәрбиені ата-аналарымыздан да бұрын кітап, көркем шығармалар берді», – деген тағы да басқа ойларыңыздан нәр алып, қуат алып, беркініп садақ асынардай болып шығушы едім.

Шәмша Көпбайқызы қаншама жастарға  рух сыйлады, ақыл-кеңесін айтты, пана болды, қамқорлығын көрсетті. Міне, артында қалған із деген осы болар! Фариза Оңғарсынова мен Шәмша Көпбайқызының арасындағы сыйластық, достық қарым-қатынас қандай еді, шіркін! Екеуінің арасы  үш-ақ жас. Сонда Шәмша Көпбайқызы өмір бойында «Фариза апай» деп пір тұтты. Екі тұлғадағы  тазалық, биіктік, шынайылық айнадай жарқырап көрінетін. Ойлаймын, осы екі кісіні таныған  жандар бұл сөзімізді қате демес.

Шәмша әпкем сырқаттанып қалғанда Аягүл Төреқызы екеуміз үйіне барып тұрдық. Ең соңғы рет барғанда айықпас дерттің ақыры қалай болатынын  сезіндік. Сондай жағдайда да Шәмша әпкем ақ қағаздай болып, шашын әсемдеп,  стол басында бізбен бірге отырып шәй ішті. Айналайын Нұржамал сіңілісі жақсы күтіп, жағдайын жасап отырды. Шәмша әпкем Аягүл Төреқызы екеумізге соншама мейірленіп қарап: «мен сендерді өте жақсы көрем» деді. Алладан  ғана медет сұрап, жеңілдік сұрап, қимай қоштастық.

2022 жылдың 7-сәуір күні халқының шынары, қарапайым бар қазақтың Әпкесі Шәмша Көпбайқызы О Дүниедегі қызметін атқаруға аттанып кетті. Міне содан бері  18 ай (бір жарым жыл) өтті.

О Дүние – тірілерге беймәлім әлем ғой, «Өлгеннен сұра дер едім тірі жандарға өмір дегеннің не екенін» депМұқағали ақын айтқанындай, жақсының аты өлмейді, ізгілігі өлмейді, хаты өлмейді. Біздің жүрегіміздің соғысы тоқтағанша, біз сіздермен біргеміз. Сіздер салған адамгершіліктің, кісіліктің жолына ұрпақтарымызды, шәкірттерімізді саламыз.

         Әпке... Шәмша Көпбайқызы! Жәннатыңа жайлы хабар жетсінші. Елің аман, жұртың тыныш, Алаш арыстарының, өздеріңіздің рухтарыңыз оятып  жатыр. Өзіңіз көре алмадыңыз-ау, «Дос–Мұқасан» фильмі шықты, ішінде өзіңіз барсыз, ізгілігіңіз, жақсылығыңыз жария болды. 

Туған күніңіз құтты болсын, Шәмша Көпбайқызы!

Гүлтас Сайынқызы


Пікір Как:

Пікір (0)