JariaLike.kz
JariaLike.kz
Tuesday, 10 Sep 2024 00:00 am
JariaLike.kz

JariaLike.kz

Маңғыстау облысында оқушылар астан уланған мектеп асханасының ас мәзіріне қатысты ата-аналар бұған дейін де шағымданған. Бұл туралы Kazinform.kz тілшісіне балалардың әке-шешесі айтып берді.

Олардың айтуынша, балалардың басым бөлігі асханада жеген тамақтың жағымсыз дәміне шағымданған.

«Баламның қызуы қатты көтеріліп жатыр екен. Жүрегім айнып, құсқым келеді деді. Сол-ақ екен ішкен-жегенін шығарып тастады. Таңғы мезгіл, балама дәрі алдырттым. Уланды деп ойлаған жоқпын. Кейін ол мектепте ашыған пюре жегенін айтты», - дейді ауыл тұрғыны Айман Бекқараева.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық белгілермен келген. 

«Іш ауруы, құсу, жүрек айнуы және іш өту белгілерімен түскен. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр», - дейді басқарма басшысы Бекболат Ізбасаров.

Бесшоқы ауылының тағы бір тұрғыны Марал Жақсыбекованың екі бірдей баласы ауырып қалған. Екеуі де мектеп асханасында берілген тегін тамақтан уланған. Қазір дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектермен емделіп жатыр. Алғашқы екі күнде қатты әлсіреген балаларының қазір беті бері қараған.

«Былтыр аудан әкіміне осы кәсіпкердің былықтарын дәлелмен көрсеткенбіз. Соған қарамастан биыл тағы соны алыпты. Неге бір жеке кәсіпкерді қайта-қайта қойып отыр?» - дейді Марал Жақсыбекова.

Мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетовтың айтуынша, асхананы 9 жылдан бері бір кәсіпкер жүргізіп келеді. Биылғы байқауда да сол ұтып, 3 жылға келісімшарт жасалған.

«Менің директор болғаныма 2 жыл болды. Кәсіпкер 9 жылдан бері менің алдымдағы басшылармен де жұмыстас болған. 3 жыл сайын конкурс тендерге түсіп, өзі жеңіп алып келе жатыр. Биылғы байқауға үш жеке кәсіпкер қатысқан болатын. Осы «Шакенова Д» жеке кәсіпкер тағы да ұтты», - дейді мектеп директоры.

Еске салайық, 6 қыркүйек күні Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында бастауыш сынып оқушылары астан уланып қалды.  460 бала дәрігерлердің бақылауына алынып,  оның 83-і ауруханаға жатқызылып, 2 бала жан сақтау бөліміне түскен.  

Фото:  Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі